Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсемен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестициялар тарту және екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын қарастырды.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Швеция нарықтарына өнімдердің қолжетімділігін жеңілдету, техникалық кедергілерді жою, логистикалық және кедендік рәсімдерді жетілдіру, сондай-ақ экспорттық-импорттық операцияларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері талқыланды.
Қазақстан тарапы отандық шикізаттық емес өнімдердің Швеция және Еуропалық Одақ нарықтарына экспортын кеңейтуге мүдделі екенін растады. Осыған байланысты экспорттаушыларды қолдау және тікелей іскерлік байланыстарды дамыту мақсатында QazTrade, Швецияның Ұлттық сауда кеңесі және Business Sweden ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері қарастырылды.
"Кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік кооперация мәселелеріне де ерекше назар аударды. Тараптар Hyundai Trans Almaty мен Volvo Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуын құптады. Жобаны іске асыру отандық машина жасау саласын дамытуға, жаңа өндірістік қуаттарды құруға, инвестициялар тартуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Келіссөздер барысында швед бизнесінің Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейту перспективалары да қарастырылды. Қазақстан жетекші швед компанияларымен ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде елімізде IKEA дүкендерін ашу мүмкіндігіне қызығушылық білдірді", – делінген хабарламада.
Тараптар бірлескен жобаларды ілгерілету және бизнестің өзекті мәселелерін шешу үшін тиімді алаңға айналатын Қазақстан–Швеция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияны құрудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Швецияның сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделілігі расталды.