Қазақстандық Санжар Тайжан (саясаткер Мұхтар Тайжанның ұлы) негізін қалаған The Warwick Boring командасы америкалық кәсіпкер Илон Масктың not-A-Boring Competition деп аталатын жарысында үздіктер қатарынан көрініп, 12 финалистің бірі атанған еді. Қазір отандасымыздың командасы жарыстың ақтық мәресіне қызу дайындық жүргізіп жатыр. Тайжан сайыста басқаларды таңқалдыратынына сенімді, деп жазады inbusiness.kz.
"Біз жеңгіміз келеді. Біз сайыста жасаған нәрсемізді керсетіп, нетворкинг орнату үшін ғана бармаймыз. Ұйымдастырушылармен қатар осы индустрияны қызықтыратын технологиямыз бар", – деді ол.
Оның командасы жергілікті бизнесмендер мен өзі оқитын оқу орындағылардың қолдауына ие. Warwick Manufacturing Group өкілі Ли-Роуз Джордан: "Бұл керемет мүмкіндік, өйткені бұл бірегей жарыс, Илон Маск ұйымдастырып отыр ғой. Студенттердің барлығы да дарынды. Олар өздерінің дизайнын жасап шығара алады, идеялары инновацияға толы", – дейді.
Маск 2020 жылдың 8 шілдесінде Not-a-Boring Competition байқауын жариялаған еді. Жарысқа қатысушыларға қойылатын талап – Hyperloop және Tesla электромобильдеріне арналған тоннелдердің төселуін арзандатып, процесті жылдамдату технологиясын ойлап табу. Қазір тоннелдердің құрылысы өте баяу жүріп жатыр. The Boring Company өкілдерінің айтуынша, бұрғылау машиналары ұлуларға қарағанда 14 есе баяу қозғалатын көрінеді.
Санжар өз командасымен бірге бірнеше күннен кейін, Маскпен кездесуге ұшып барады. Ол мұндай технологияларды Қазақстанға әкелгісі келетінін жасырмады. Санжар көліктің бұл түрі жүк тасымалдау саласындағы революция іспеттес болуы мүмкін деп санайды.
Санжар 2018 жылы The Faraday Institution-де литий батареяларының тозуын болжау бойынша жұмыс істеген еді. Отандасымыздың жобасы Британиядағы барлық бакалавриат студенттері арасында "үздік инновация" деп танылды. Бір шара кезіндегі жоба тұсаукесерінен кейін оны Jaguar Land Rover өкілі байқап, тағылымдамаға шақырған болатын.
2019 жылдың жазында келешек көліктердің батарея бөліктеріндегі жылу әсерін зерттеу тобында жұмыс істеді.
"Маған Jaguar Land Rover-де жұмыс істеу өте қызықты болды. Ол жерге ең мықты британиялық инженерлер орналасуға тырысатыны бәріне аян. Менің мақсатым – көлік қозғалысы туралы түсінігімізді толығымен өзгертетін озық технологиялармен жұмыс істеу", – деп жоспарларымен бөлісті Санжар.
Санжар Тайжан 2015 жылы Алматы қаласындағы РФММ тәмамдады. 2017 жылы QS нұсқасы бойынша әлемнің топ-60 университеттерінің қатарына кіретін University of Warwick оқуға түсті. Бұл жоғарғы оқу орны машина құрастыру саласындағы мамандарды оқыту бойынша үздіктердің бірі болып саналады және Warwick Manufacturing Group (WMG) қолдауына ие. Университет аумағында автомобиль құрастырудағы Ұлттық инновациялар орталығы (NAIC) орналасқан.
Табиғат Нұрболат