Indian Wells. Рыбакина ширек финалда

1443

Үш апталық үзілістен кейін еліміздің бірінші ракеткасы АҚШ-тағы турнирде нәтижелі өнер көрсетуде.

Indian Wells. Рыбакина ширек финалда

WTA рейтингінде 20-орында тұрған Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі (АҚШ) турнирде 1/8 финалдық кездесуін өткізді. Рыбакинаның қарсыласы әлемнің 51-ракеткасы швейцариялық Виктория Голубич болды. Кездесуде екі сет те қазақстандық теннисшінің жеңісімен аяқталды – 7:6 (5), 6:2. Матч 1 сағат 34 минутқа созылды. Енді Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы грекиялық Мария Саккаримен ойнайды.

Еске салайық, жарыстың алдыңғы кезеңінде Елена Рыбакина беларусиялық Виктория Азаренконы 6:3, 6:4 есебімен ұтқан болатын. Жарақаттарының кесірінен қиындықтарға тап болған Рыбакина осы жеңісінен кейін өз ойымен бөлісті.

"Менің жолым болмады. Өйткені маусымның бірінші аптасын өте жақсы өткізіп, Аделаидада финалға шықтым. Әр матч сайын жақсарып келемін деп ойладым. Аустралияның ашық чемпионатының алдында аяғым ауырып қалды. Сондықтан "Үлкен дулыға" жарысына дейін жарақат алмау үшін күшімді сақтап қалуды жөн көрдім. Аустралиядағы турнирдің бірінші айналымында менің аяғымда жарақат бар еді. Бұл өте қиынға соқты. Өзімді жақсы сезініп, толық жаттығуды бастау үшін шамамен үш апта қажет болды. Нәтижесінде Аустралия ашық чемпионатынан бас тартуға тура келді. Бір апта мүлде жаттыққан жоқпын. Ал екінші аптада дене шынықтырумен айналысуға тырыстық. Бірақ, жүгірмей, басқа да ауыр жаттығуларды жасамадық.  Өйткені мен жүре алмадым. Жағдай өте күрделі болды.

Содан кейін Санкт-Петербургтегі ойынға қатыса алатыныма қуандым. Бірінші кезеңді аяқтаған соң түнде қатты ауырдым. Ковид маған соншалықты қатты соққы болады деп күтпедім. Бұл өте қиын болды. Бір аптада төрт келідей арықтадым. Қызуым көтерілді.

Ал Дохадағы жарысқа келер болсақ, асығыстық жасадым деп ойлаймын. Өте әлсіз болдым. Өзімді мәжбүрлеп ойнадым десем де болады.

Индиан-Уэллс короновирустан кейінгі өзімді әлдеқайда жақсы сезінген бірінші турнир. Жөтелім жоқ. Мүмкін, мен физикалық тұрғыдан өте жақсы дайындалмаған шығармын және көп жаттығу жасамаған шығармын. Бірақ, қазір ойнай алатыныма өте қуаныштымын. Соққыларым жақсы ма, жоқ па, маған бәрібір. Төсек тартып жатпағаныма қуанамын. Енді жұмыс істеуді одан әрі жалғастырамын", - деді Рыбакина.

Сонымен қатар Индиан-Уэллсте ерлер арасындағы жарыстың үшінші кезеңінің матчтары өтті. Онда 24 жастағы Қазақстан өкілі Александр Бублик пен 30 жастағы болгариялық Григор Димитров кездесті. Кездесу Димитровтың жеңісімен аяқталды. Бірінші сетте болгар 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екіншісінде 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ойынның ұзақтығы 1 сағат 9 минутты құрады. Кездесу Димитровтың жеңісімен аяқталды. Бірінші сетте болгариялық 6:3, екіншісінде 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ойынның ұзақтығы 1 сағат 9 минутты құрады. Осылайша, еліміздің бірінші ракеткасы үшін жарыс аяқталды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу