Indian Wells. Юлия Путинцева екінші кезеңге жолдама алды

1164

АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында теннистен беделді Indian Wells турнирі басталды.

Indian Wells. Юлия Путинцева екінші кезеңге жолдама алды

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Индиан-Уэллстегі WTA турнирін жеңіспен бастады. Юлия бірінші айналымда америкалық Эшлин Крюгерді (6:3, 6:2) айқын басымдылықпен жеңді. Енді ол 13 наурыз күні өтетін 1/34 финалда швейцариялық Виктория Голубичпен ойнайды.

Сонымен қатар тағы екі қазақстандық теннисші жұптық сайысқа қатысты. Өкінішке орай олар турнирді мерзімінен бұрын аяқтады. Жарыстың 1/8 финалына шығу үшін Анна Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен жұптасып, Вера Звонарева (Ресей) мен Лаура Зигемунд (Германия) дуэтінен жеңіліп қалды. Бірінші сет қазақстандық-бразилиялық жұпқа бұйырса (6:2), екіншісінде олар тай-брейкте (6:7) жеңіліп қалды. Шешуші ойында да Звонарева мен Зигемунд жеңіске жетті (8:10).

Жұптық сайыста эстониялық Анетт Контавейтпен бірге өнер көрсеткен Елена Рыбакина америкалық теннисшілер София Кенин мен Элисон Рискеге қарсы өткен кездесуде (6:7, 2:6) жеңіліп қалды. Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина үшін маусымның бірінші бөлігі сәтсіз өтуде. Жарақаттар, денсаулығындағы кінәрәттар және матчтардан бас тарту – мұның барлығы қазақстандық теннисшіні әлемдік рейтингте бірнеше саты төмен түсуге мәжбүрледі. Елена үш апталық үзілістен кейін бірінші рет ойнады. Рыбакина жұптық сайыстан шығып қалғанымен, турнирді одан әрі жалғастырады. Ол 13 наурыз күні бельгиялық Алисон Ван Эйтванкпен сынға түседі.

Ал ерлер арасында қазақстандық теннисшілерден  Александр Бублик және іріктеу кезеңінде екі кездесуде де жеңіске жеткен Михаил Кукушкин өнер көрсетеді.

Сондай-ақ әйелдер арасында әлемнің 1-ші нөмірлі теннисшісі аустралиялық Эшли Барти бұл турнирге қатыспайды. Ал Ролан Гаррос чемпионы Барбора Крейчикова шынтағының жарақатына байланысты жеребеден кейін жарыстан шығып қалды. Нәтижесінде қатысушылар арасындағы ең үздік теннисші әзірге беларусиялык Арина Соболенко. Ол жарысты бірден 1/8 финалдан бастайды.

Индиан-Уэллсте өтіп жатқан беделді ірі теннис додасын көбінесе бейресми 5-ші Үлкен дулыға турнирі деп атайды. Өйткені жарыс 7 айналымнан тұрады. Ерлер турнирі "Мастер-1000" санатына жатады, ал әйелдер - WTA-1000. Сондықтан чемпиондар жеңіске жеткендері үшін 1000 рейтингтік ұпай алады. Жарыстың өтетін орны да ерекше. Шын мәнінде, бұл Калифорния шөлінің ортасында орналасқан оазис. Жел жиі алаңды құмға толтырып тастайды және ауа өте құрғақ. Ойнау өте қиын. Сондықтан кездесулердің нәтижесін болжау мүмкін емес.

Indian Wells турнирі дәстүр бойынша ерлер мен әйелдерге бірдей ақшалай жүлде тағайындау принципін ұстанады. Ойыншыларға төленетін жалпы төлем 16 953 510 долларды құрайды. 1-ші кезеңге  қатысқан әрбір теннисші 18,200$, ал ерлер мен әйелдер арасында өткен сайыста жеңімпаз атанған теннисшінің әрқайсысы 1,231,245$ сыйақы алады.

Ермұхамед Мәулен