Индустрия 4.0-ге "Nokia"-мен өтетін болдық

2582

Индустрияландырудың келесі жаңа заманына өтуде қазақ елінің басты серіктері немістер, финдер және шведтер болмақ.

Индустрия 4.0-ге "Nokia"-мен өтетін болдық

Бұл туралы бүгін "Үкімет үйінде" өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаевтың айтуынша, қазіргі кезде министрлік төртінші өнеркәсіптік революция элементтерінен тұратын, ел экономикасының базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыру бойынша іс-шаралар кешенін қолға алуда. Бұл істе Германияның Fraunhofer қолданбалы зерттеулер институты, Финляндияның Nokia телекоммуникациялы жабдықтар өндірушісі және Швецияның Business Sweden сауда және инвестициялар кеңесі біздің мемлекеттің басты серіктестері атанып отыр.

Министрлің мәліметінше, Индустрия 4.0 аясында өз бетінше қимылдайтын "автономды роботтарды", моделдеуді, жасанды интеллектке негізделген Big Data деректерді өңдеу жүйелерін, заттар интернетін (интернет вещей), толықтырылған шынайылық технологияларын, киберқауіпсіздікті, бұлтты есептеулерді және басқаларын ендіру көзделеді.

Сарапшылардың берген кеңесіне жүгінсек, Индустрия 4.0-ге өту аясында өндірістегі кешенді жүйелерді басқаруды қайта ұйымдастыру, ресурстарды барынша тиімді пайдалануға көшу, ақпараттық технологиялардың кең ауқымды инфрақұрылымын түзу, жұмыс күштерін ретке келтіру, мамандардың біліктілігін көтеру және қайта оқыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны қайта түзіп шығу талап етілмек.   

Бірақ бұл істің берері де мол екен. Осы іске тартылған Қазақстандық индустрияны дамыту институтының" мәліметінше, Индустрия 4.0 "үлкен деректер", аддитивтік технологиялар, телематика, толықтырылған шынайылық секілді технологиялардан тұрады және кәсіпорындарға өзінің өнімділігін айтарлықтай арттыруға, салыстырмалы түрде алғанда, аз шығын шығара отырып, қосымша құн мен табысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманда инновацияны ендіріп, өз өнімділігін тез әрі тиімді арттырмаған компаниялар көш соңында қалмақ.

Осы тұста не себепті Қазақстанның таңдауы Nokia-ға түскенін түсіндіре кету керек. Финдік индустриалдық алып ұялы телефондар сегментінде өзгелерге жол беріп, артта қалғанымен, басқа салаларда озық орнын сақтап келеді. Бұл ретте Нокиа өзі әзірлеген төл инновацияларын өз фабрикаларында сынақтан өткізеді. Осылайша, ол қазір инновациялардың үлкен фабрикасына айналған. Бұл ретте компания "ақылды" сервистер мен бағдарламалық қамтылымға баса көңіл бөлетін көрінеді. Ол сондай-ақ жаңа өнертабыстарды бүкіл өндірістік тізбек бойынша – шикізат жеткізуден тауардың клиентке жеткізілуін қадағалауға дейін ендіруді жолға қойған. Өнімділікті осылай арттыру да біздің үкіметтегілерді қызықтырып отыр.   

"Компанияда мысалы, сымсыз цифрлық инфрақұрылым түзілген. Бүкіл фабрикаларында төл LTE жүйесін ендіру арқылы ол 90 шақырым кабельден арылды. Бірақ бұл жүйе әлі күнге тестілік режимде жұмыс жасайды. Неге? Бұған жиілік спектрді реттеу бағытындағы заңнамалық қиыншылықтар мен жүйелі кедергілер себеп болып отыр. Өйткені ол кәсіпорынның жеке коммерциялық желісі саналады. Қазақстанға да осындай кедергілердің шешімін табу және заңнамада қарастыру қажет болады", – деп түсіндіреді "NOKIA Қазақстан" директоры Михаил Нам.

Nokia-ның Индустрия 4.0 аясында ендірген тағы бір жаңалығы – автоматтандырылған қозғалыс болып отыр: компания фабрикаларында адамдар еш басқармайтын қозғалу құралдары жұмыс жасап тұр. Оларды бағдарлама басқарады және бақылайды екен. Бұрын бұл үдерістің барлығын адамдар атқарған: олар фабрикалар арасында қосалқы бөлшектерді тасыған, өндірістік желілер үшін құрамдауыш бөліктерді жеткізген. Енді мұның барлығы автоматтандырылыпты.

Компания цехтарындағы барлық техникалық инженерлер "smart-сағаттармен" жабдықталған, нәтижесінде, егер желі бойынша қандай да бір апат не ақау орын алса, оған ең жақын орналасқан білікті инженерді желінің өзі анықтайды да, оны ақауды жоюға бағыттайды. Осындай технологияны ендіре отырып, компания өндірістік желінің тоқтап тұру уақытын 15-20 пайызға азайтыпты.  

Әлемдік озық компаниялардың осы және басқа да индустриялық жаңалықтарын Қазақстан өзінде ендіруге құмбыл.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев Фраунгофер атындағы қолданбалы зерттеулер институты, Швецияның тау-кен кластерінің мамандары және Nokia компаниясының сарапшылары Қазақстан өнеркәсібінің Индустрия 4.0 технологиясына өтуге қаншалықты дайын екендігіне талдау жүргізіп шыққанын айтады. Индустрия 4.0-ге көшуге дайын өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кәсіпорындарының 600-ден астамы зерттеліпті.

Нәтиже көңіл көншітпей отыр.

"Зерттеу нәтижелері бойынша отандық өнеркәсіпті автоматтандыру мен цифрландыру тұрғысынан айтарлықтай мүмкіндіктер бар екені анықталды. Өңдеу өнеркәсібінің әзірге тек шамамен 20%-ы Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге қажетті технологиялық, ұйымдастырушылық және кадрлық базаға ие. Тау-кен өнеркәсібінде жағдай әлдеқайда жақсы. Онда бұл көрсеткіш шамамен 40%", – деді Алик Айдарбаев.

Сондай-ақ, талдау барысында, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге кедергі болатын факторлар да анықталды. Бұған цифрландырудың экономикалық артықшылықтарын түсінбеу, цифрландырудағы автоматтандырылған отандық әзірлемелердің және құзыреттіліктердің нашар дамуы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, қаржылық ресурстардың шектеулілігі және инфрақұрылымдық шектеулер жатады.

Индустрия 4.0 технологиясын енгізуді кеңінен таныту және бизнестке септесу үшін көрсетілім алаңына айналатын цифрлы фабрикалар құрылады.

"Жыл соңына дейін пилоттық жобаны іске асыратын кәсіпорындар іріктеледі. Мұндағы іріктеу критерийлеріне өндірістің техникалық жағдайына ғана емес, кәсіпорынның өзі цифрлық технологияларды одан әрі енгізуге және кәсіптік дағдыларды дамыту дайындығы, кадрлардың біліктілігі де кіреді. Әрбір таңдалған кәсіпорын үшін кешенді техникалық аудит өткізіледі. Бұл әр жағдайда цифрлау мүмкіндігін көрсетеді. Тиісінше, цифрландыру үшін тиісті жол карталары әзірленетін болады", – деді бірінші вице-министр.

Бұл жобаны жүзеге асыру отандық техникалық мамандардың біліктілігін арттырады және нақты жобаларды іске асыру тәжірибесіне практикалық кедергілерді анықтайды деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу