Индустрия министрлігі жалға беру нарығы қалай реттелетінін анықтады

Алайда бұл бастама әлі ешбір мемлекеттік органдармен мақұлданбаған.

Индустрия министрлігі жалға беру нарығы қалай реттелетінін анықтады

Тұрғын үйді жалға берудің жаңа механизмінен түсетін пайда шамамен 9%-ды құрайды. Үкімет кулуарларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев журналистердің жалға берілетін тұрғын үй нарығын реттеу тетігі туралы сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жоба дайын. Бірақ әзірге ол ешбір мемлекеттік органдармен, басшылықпен келісілген жоқ. Бұл әлі де біздің министрліктің және жеке менің көзқарасым, идеямыз деп айтуға болады", – деді ведомство басшысы тілшілердің сауалына жауап бере келе.

Осы орайда ол бұған дейін ұсынылған механизмді еске салды.

"Қазір бізде жалға беру қоры бар. Тұрғындар үй сатып алады, бір пәтер, екі, үш дегендей. Содан кейін олар жалға алушыларды іздейді. Бұл келісімдер заң аясында рәсімделе бермейді. Ал жалға алушылардан кейін, үй иесі түрлі мәселелермен бетпе-бет келеді. Оның ішінде пәтерді қайтадан жөндеу сынды жұмыстар бар. Бұл жалғаса беретін мәселе. Біз ыңғайлырақ жасайық деген ұсыныс айтпақпыз. Яғни жеке жалға беру қорын құрсақ, сонда халық ақша салады, пәтер сатып алады. Мәселен, шартты түрде 100, 1000 пәтер және оны жалға береді", – деді министр.

Мемлекет өз кезегінде оларды жалға алады.

"Бұл жылжымайтын мүліктен түсетін тұрақты табыс және оған барлығы, соның ішінде журналистер де, мұғалімдер де, мемлекеттік қызметшілер де қатыса алады. Осылайша олар ақша салады. Ал қорды басқаруға ай сайын немесе тоқсан сайын қосымша қаржы төленуі мүмкін. Соңында сіз нені тапсыру керек, жөндеу керек, тағы басқа жұмыстардан арыласыз. Мұны арнайы адамдар жасайды. Кіріс шамамен 9% шамасында болады", – деді министр.

Жоба сәтті жүзеге аса ма, әлде сәтсіздікке ұшырай ма? Бұл келешектің еншісінде. 

"Егер инвестиция салынатын болса, ол тартымды жоба болады. Ал қаржы болмаса, жүйе жұмыс істемейді. Бұл әлі де идея түріндегі жоспар, біз оны әлі таныстырған жоқпыз", – деп түйіндеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. 

Еске сала кетсек, қыркүйек айында елімізде тұрғын үйді жалға беру бағасы шарықтап кетті. Оған студенттердің оқуға келуі мен Ресейдегі ішінара мобилизация салдарынан аталған ел азаматтарының үдере көшуі ықпал етті. Мемлекет тек осы жағдайлардан соң саланы бақылауға алып, жалға беру нарығының жаңа механизмін зерделеуге кірісті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу