Индустрияландыру: он жылда не өзгерді?

6594

2010 жылы Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылды. 

Индустрияландыру: он жылда не өзгерді?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми мәліметінше, индустрияландыру өңдеу өнеркәсібіне даңғыл жол ашты. Нәтижесінде ішкі жалпы өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті. Көрсеткіш 2009 жылы 10,9 пайызды құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 12,7 пайызға тең болды. 2009 жылдан бері Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,1 есе ұлғайды. Яғни көрсеткіш 17 трлн теңгеден 70,1 трлн теңгеге дейін (2020 жыл) өсті. 2019 жылы өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны 2009 жылмен салыстырғанда 4,8 есе артып, 8,9 трлн теңгені құрады, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

QazІndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының хабарлауынша, 2020 жылы өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2009 жылмен (378 млрд теңге) салыстырғанда 2,8 есе өсіп, 1 трлн 62,7 млрд теңгеге жетті.

2015-2019 жылдары Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ірі жобаларды іске асыру үшін GLOBAL-2000 трансұлттық корпорациялар тізіміне енген 28 инвестор тартылды. Олар біздің елге 6 млрд доллар көлемінде инвестиция құйды. Қазіргі уақытта Қазақстанда трансұлттық корпорациялардың қатысуымен 625 млн долларға 7 жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 985 жұмыс орнын құру жоспарланған.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайды. Яғни адам басына шаққандағы көрсеткіш 23,1 мың доллардан 36,7 мың долларға дейін өсті. Бүгінде көлемі 1 млн долларды құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнімі әлемнің 79 еліне жеткізіледі. 13 мемлекеттің экспорты 100 мың доллардан (40 млн теңгеден) басталып, 1 млн долларға дейін жетеді. Ал 39 елдің экспорты 100 мың доллардан кем.

2009 жылмен (2,9 трлн теңге) салыстырғанда былтыр өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 4,4 есе өсіп, 13 трлн теңгені құрады. Индустрияландыру жылдарында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің жиынтық көлемі 84,4 трлн теңгеден асты. Индустрияландырудың 10 жылында (2010-2019 жылдары) шамамен 8,4 трлн теңгеге 1 326 жоба іске асырылды. 201,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде индустрияландырудың екінші бесжылдығында (2015-2019 жылдары) шамамен 50 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түсетін салықтық түсімдердің көлемі 2019 жылы 2009 жылмен (450 млрд теңге) салыстырғанда 3 есе өсіп, 1 трлн 497 млрд теңгені құрады. 2009 жылдан 2019 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінен 9 трлн 651 млрд теңге көлемінде салық жиналды. Бүгінде өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салықтар индустрияландыру саясатын іске асыруға жұмсалған шығындардан 6,5 есе артып отыр. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түсетін салық түсімдері ауыл шаруашылығы, көлік және сауда салаларының көрсеткішінен әлдеқайда жоғары.

Өңдеу өнеркәсібіндегі бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2019 жылы 209,4 мың теңгені құрады. Көрсеткіш 2009 жылмен (69 мың теңге) салыстырғанда 3 есе артқан. 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, оның ішінде тамақ өнімдері, кокс және мұнай өңдеу өнімдері, химия және фармацевтика өнеркәсібі, металлургия өндірісінде, автомобильдер, электронды және оптикалық жабдықтар өндірісіндегі қызметкерлердің табыс деңгейі орта есеппен 50 пайызға өсті.

Қазақстан индустрияландырудың бірінші және екінші бесжылдығын ойдағыдай аяқтап, үшінші бесжылдыққа үлкен үмітпен аяқ басты.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу