Инфляция деңгейінен 5,3% жоғары болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9786

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 11,3%-ды құрады.

Инфляция деңгейінен 5,3% жоғары болды

Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ-ның (Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры) зейнетақы активтері 20,6%-ға (1,60 трлн теңге) көбейді. Осылайша зейнетақы активтерінің ақша эквиваленті 9,38 трлн теңгеге жетті.

БЖЗҚ баспасөз қызметі 2018 жылдың қорытындысы бойынша осындай ақпарат таратты. Хабарламада көрсетілгендей, былтыр БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 11,3%-ды құраған. Ал 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шетел валютасындағы активтердің үлесі салымшылардың барлық зейнетақы жинақтарының 32,8%-на тең болған.

"2018 жылы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған бағыт шеңберінде нарық талабымен жалпы сомасы 1,46 трлн теңгеге инвестицияланды. 2018 жылдың қорытындысында  БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейінен 5,3% жоғары болды",  – деп мәлімдеді БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-да зейнетақы шоты жоқ азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары есепке автоматты түрде алынатын болды. Бұл жеке тұлғаларға бұрынғыдай БЖЗҚ-ға веб-сайт арқылы жүгініп, жеке зейнетақы шотын ашу қажет емес деген сөз.

ҚР 26.12.2018 жылғы №203-VI зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты бұдан былай БЖЗҚ-ға алғашқы жарна келіп түскен кезде зейнетақы шоты қордың ақпараттық жүйесі арқылы өздігінен ашылады. Міндетті зейнетақы жарнасын аударатын жеке тұлға қатысты мәлімет электрондық форматта көрсетілген дербес деректерден және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады.

Айта кетейік,міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу тәртібіне өзгеріс енгізілген жоқ. Оның талабы бұрынғыша сақталып қалды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу