Инфляция халықтың үмітін ақтамады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3223

Халық арасында жүргізілген пікіртерімде инфляция 5,6% болады деп күтілгенімен, теңгенің құнсыздану деңгейі 6,4%-ға жетті.

Инфляция халықтың үмітін ақтамады

2018 жылғы инфляция қаңтар-қыркүйекте 3,3% болды, бұл өткен жылғы осындай кезеңдегі көрсеткіштерден төмен. Жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда қыркүйекте 6,1%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы  Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев кеше, 16 қазан күні үкімет отырысындағы баяндамасында айтып берді.

"Ұлттық банктің бағалауынша, биыл инфляция 5-7% нысаналы дәлізде сақталады. 2019 жылы инфляция Ұлттық банк осыған дейін бағалағаннан баяу төмендейді және 4-6% жаңа нысаналы дәліздің жоғары шегіне жуық қалыптасады. Бұл сыртқы және ішкі факторлардан туындаған инфляциялық күтулердегі белгісіздіктің өсуіне байланысты", б деп атап өтті Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Ақышевтың айтуынша, халыққа пікіртерім жүргізу нәтижесі бойынша бір жыл алға күтілетін инфляцияны сандық бағалау шілдедегі 5,6%-бен салыстырғанда қыркүйекте 6,4% болды. Ұзақ мерзімді перспективада төмендеу үрдісіне қарамастан, инфляциялық күтулер қысқа мерзімді кезеңде әлі де орнықсыз. Инфляцияны басқаруды арттыруда оны 2019 жылғы нысаналы дәлізде сақтау үшін қазірден бастап шаралар қабылдау қажет.

"Ұлттық банк кеше базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы.

Оның айтуынша, тамызда өнеркәсіп өнімі кәсіпорындары бағасының артуы жылдық көрсетуде 24% болды. Тау-кен өндіру салалары өнімінің қымбаттауы жылдық көрсетуде 37,5%-ға жетті, бұл мұнай бағасының өсуінен орын алды. Соған қарамастан, өнеркәсіптегі баға динамикасы 6-12 ай шегінде тұтынушылық инфляцияға қысым көрсетуі мүмкін.

Валюта нарығында теңге бағамы жыл басынан бастап 15 қазан аралығында 11,3%- ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 369,98 теңгені құрады. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, бұл АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюы. Екінші фактор – Ресейге қарсы санкциялардың болашақта қатаңдатылуы туралы мәлімдеу. Осы тұрғыдан ресей рублінің әлсіреуі жыл басынан бері 15% болды. Ұлттық банк шектерді, дәлізді немесе басқа да бағдарды белгілемей, өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуін жалғастырады", – деп атап өтті Данияр Ақышев.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы сонымен қатар Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері қыркүйектің соңында алдын ала деректер бойынша 30 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 56,3 млрд АҚШ доллары болғанын хабарлады. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларын құрады.

"Биылғы жылғы 8 айда депозиттер 1%-ға 17,7 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютамен депозиттердің өсуі 4,1% немесе 380 млрд теңге болды. Шетел валютасымен депозиттер 2,5%-ға немесе 210 млрд теңгеге қысқарды. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 46%-ға дейін төмендеді. 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді анықтау тәсілі өзгерді. Мөлшерлемелер салымның мерзімі және түрлері бойынша жіктеледі", – деді бас банкир.

Ол сондай-ақ кредиттеу нарығы қалпына келуде екендігін атап өтті. Банктердің кредиттері жыл басынан бастап тамызда 2,5%-ға 13 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиясынан айырылған банктердің кредит портфелін есептемегенде, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 11,6%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге бағаланады. Биылғы 8 айда жаңа кредиттер беру 28,1%-ға немесе 1,9 трлн теңгеге өсті. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы тамызда 12,2%-ға дейін төмендеді.

"Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру Ұлттық банк үшін ағымдағы басым міндет болып табылады. Үкіметпен және банктермен бірлесіп біз өтімділік беру тетігін жедел пысықтауға дайынбыз", – деді Данияр Ақышев сөзін қорытындылай келе.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу