Инфрақұрылымсыз индустрия

​Өскемендегі индустриялық аймақтар инвестор тартуға икемсіз. Бүгінде қаңырап тұрған нысандардың тағдыры облыс әкімдігінде талқыланды.

Инфрақұрылымсыз индустрия

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында 3 бірдей индустриялық аймақ бар. 2007 жылы  алғаш бастама көтерілген кезде олардың  болашағы туралы бас айналдырар болжамдар айтылған болатын. Тіпті 2007-2008 жылдары 3 нысанды инфрақұрылыммен жабдықтауға 470 млн теңге бөлінген. Содан бері бұл аймақтарға кімдер келіп, кімдер кетпеді?! Әлгі батыл болжамдардың бәрі бос сөз екенін уақыт көрсетіп отыр. Қазір Семейдегі индустриялық аймаққа біртіндеп жан біте бастаған. Ал Өскемендегі өндіріс алаңдары өлі тыныштықтың құшағында. 

Импортты алмастырады деп үміт артқан индустриялық аймақтарға бүгінде инвестор табу шөп ішінен ине іздегенмен бірдей шаруа болып тұр. Бірі тұрған орнын олқысынса, бірі жалдау шартын көргенде шоршып түседі. Өскеменнің жаңа әкімі Жақсылық Омар бұл мәселені қайтып шешетінін айтты.

Машиностроители көшесіндегі аймақты пайдалану жөнінде 9 инвестормен меморандум жасалған. Әзірге соның біреуі ғана құрылысты бастады. "СИЗ Новация" ЖШС өндірістік бетперделер мен респератор шығармақшы. Жоба құны – 500 млн теңге.  Олардың иелігіне индустриялық аймақтан 1,6 гектар телім берілген. Қазір болашақ зауыттың іргетасы қаланып болды.  Енді жобасы пысықталуда", – деді Жақсылық Омар. Қалған 8 инвестор жазбаша келісімнен әріге баспай отыр. Қала әкімі жыл соңына дейін мұнда 3 инвестор нақты жұмыс істейтін болады деген уәде берді.

Қаңырап тұрған аймақтың екіншісі – "Өркен-КШТ" нысаны.  Бір қызығы, мұнда өндіріске қажет инфрақұрылым мүлде жоқ, "Индустриялық аймақ" деген аты ғана. Өткенге үңілсек, нысанның басынан бұлт арылмай келеді. 2011 жылы облыстық мәслихат шешімімен бюджетті үнемдеу мақсатында оның құрылысына ақша бөлу тоқтатылған болатын.  Сол екі арада  маңайындағы жердің бәрі жеке  тұрғын үй құрылысына беріліп кетті. Енді инфрақұрылымға қажет магистраль тартатын орын жоқ. Ал жер үй тұрғындары ауласын жайдан-жай  қопартып қоймасы анық.

Орналасқан жері жайлы болғандықтан, "Өркен-КШТ"-да өндірістің желкенін кергісі келетіндер жетерлік. "КЭМОНТ" АҚ мұнда мыс дөңгелектер өндіретін цех салуды жоспарласа,  "Сталь Мастер ВК" АҚ  технологиялық қондырғыларды жөндейтін орталық ашпақшы. Ал  жеке кәсіпкер К.Кузнецов бидай өңдеп, ұн тартатын цех пен наубайхана салмақшы. "Құрылыс Гарант" ЖШС жоғары қысымға арналған  темірбетон бұйымдар өндірісін өрістетуге ниетті.  Олардың қолын инфрақұрылымның жоқтығы ғана байлап отыр.

Аталмыш  индустриялық аймақтардың дамуына "Ертіс" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жауапты. Оның басқарма төрағасы Антон Крамаренко "Өркен КШТ"-ға инвестиция салуға ниетті компанияларды  Машинастроители көшесінде жұмыс істеуге шақырғандарын айтады. Ол нысанда қажет иинфрақұрылымның барлығы дайын болғанына қарамастан, барлығы бас тартқан. Жоба жетекшілерінің ауадай қажет инфрақұрылымды әуелі инвесторлар үшін тартымсыз аймаққа не үшін тартқаны түсініксіз.

Семей қаласындағы "Өндіріс" индустриялық аймағында қазір жағдай тұрақтанған. Шаһар басшысы Ермак Сәлімов инвесторлардан алғашқы салық төлемдері түскенін де айтты. Қазір мұнда  4 жоба жүзеге асуда. Енді ирандық инвестор ет өңдейтін ірі зауыт салмақшы. Ол жобаға шамамен 7 млрд теңге  қажет.  Тәулігіне 2 мың ұсақ малдың, 400 бас ірі қараның етін қайта өңдеуге қауқарлы зауытта 250 адам жұмыс істейді деген жоспар бар. Өңделген өнімнің 90 пайызы Иранға экспортталуға тиіс.

Облыстың әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі өндіріс алаңдарын дамыту үшін арнайы серіктестік құруды тапсырды.

"Ертіс" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жанынан жаңа ЖШС құрамыз. Индустриялық аймақтарға инфрақұрылым тарту, инвестор әкелу ісімен сол ұйым айналысатын болады. Инвесторға ұсынылар шартты да қайта қарау керек. Салық жеңілдіктері мен тариф саясатын босаңсыту, пайыздық үстемелерді жеңілдету бойынша тиімді шарттар қойылуы қажет", – деді Даниал Ахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу