Интернет сервис бойынша сұрау салатын қазақ тілді сегмент ұлғайып келеді – "Яндекс" өкілі

3569

2000 жылдардың бас кезінде компания ұсынған қызмет түріне жүгінетіндердің 90 пайызы өзге тілділер болса, қазір 65 пайыз қазақ тілді сегменттің үлесінде екен.

Интернет сервис бойынша сұрау салатын қазақ тілді сегмент ұлғайып келеді – "Яндекс"  өкілі

Интернетте сервистік қызмет көрсететін алып компаниялар тұрғындарының 35 пайызы 16-40 жас аралығындағы жастар болып табылатын Қазақстанның ішкі нарығы үшін күресті қыздырып жатқаны осыған дейін белгілі болатын.

Олардың қай бағытқа басымдық беретіні Алматыда өткен кездесуде белгілі болды.

Мail.ru компаниясы ғаламтор өнімдері мәселелерімен айналысатын бөлімнің жетекшісі Жәмила Досыбидың айтуынша, осыдан бірер жыл бұрын "ВК" немесе "Одноклассники" топтары арқылы экономикалық және әлеуметтік белсенді топтың бетін бері қаратып алған компания енді жазылушыларын ғаламтор арқылы қаржы табуға немесе жарнама беруге үйретуге белсенді кірісіп кеткен. Компанияның таргеттеу желісі бойынша жазылушылардың әлеуметтік мәртебесін немесе қанша қаржы табатынын анықтау оларға түк те қиын соқпайды екен. Бұл, Жәмила Досыбидің пайымдауынша, жазылушылардың интернет-дүкендегі заттарға лүпіл басу немесе сырттай шолуларына қарап-ақ байқауға болады. Оның сөзінен ұққанымыз, пікірлерді жазып қаржы табуға да мүмкіндік бар. Ол үшін сайтқа тіркеліп, пікір қалдырып отыру қажет. Сөз неғұрлым көп болса, соғұрлым үлкен табыс болмақ. Ақшаны сайт админдері, интернет-дүкен басшылығы, кәсіпкерлер есебінен төленіп отырады. Ал жағымды пікірлер оларға имиджін көтеру үшін керек.

Сондай-ақ  Жәмила Досыби қазіргі интеграция заманында тұрғындардың ақпараттық-технологиялық сауаттылығы ғаламтор бойынша қызмет көрсететін компаниялардың бағыт-бағдарына ықпал ете алатынын айтты. Алпауыт компаниялардың өздері тұрғындардың сауаттылығына мүдделі екен. Сол себепті олар 2018 -2019 жылдар арасында Қазақстанның аудандарында бизнес-тренингтер өткізіп қайтыпты. Мұның нәтижесі көп күттірмеген. Қазір Мail.ru  тобының қолданушылары 16-18 жастан 40-55 жас аралығындағы аудиторияны өздеріне қаратып үлгеріпті.

"Біз аудиториямыздың мүмкіндіктерін саралап жатырмыз. Қазір ғаламтор бойынша жылдам дайындалатын тамақ беруге байланысты жобамыз өзін-өзі ақтады. Енді мүмкін қор биржаларымен байланысқа шығып, тұтынушыларымыздың акциялар нарығына деген ықыласын байқап көретін боламыз", – деп атап өтті Жәмила Досыби.

Сарапшылар ғаламтор бойынша сервистік қызмет көрсету бойынша бәсеке Мail.ru, Рамблер және  "Яндекс" арасында болғанын айтады. Қазір Мail.ru  мен "Яндекс" – нарықтың осы сегментінің генераторы. Осы екеуінің қатарына Google компаниясы қосылған. Айтпақшы, Google Inc. Америка қоғамдық корпорациясына тиесілі кеңейтілген іздеу жүйесі танымалдығы бойынша бірінші орында тұр (79,65 %), айына 41 млрд 345 млн сұраныс қабылдайды (нарық бөлігі 62,4 %), 25 миллиардтан астам веб-беттерді индекстейді, (2009 жылдың 15 қазанынан бастап) ақпараттарды 191 тілде іздеу мүмкіндігіне ие.

"1990-2000 жылдардың басына дейін компаниялардың жұмысында аса өзгеріс байқала қоймайды. Мысалы, Мail.ru  компаниясының танымалдылығына электронды желі ғана емес, "Мой мир" таргеттеу желісі көп әсер етті. Технологиялардың дамуы бағыт-бағдарымызды әртараптандырды. Мысалы, соңғы үш компанияның бағыт-бағдарында ұқсастық көп. Үшеуі де түрлі тақырыптар бойынша сұраныс қабылдайды, жарнама арқылы табыс табуды ұсынады. Әзірге Яндекс қызмет түріне көліктік қызмет көрсету желісін қосты. Бұл жаңалық бізге осыған дейін басым болып келген кейбір бағыттарды өзгертуге тура келіп тұр", – деп сөзін екі ұшты етіп аяқтады Жәмила Досыби.

"Яндекс"  компаниясының өкілі Оксана Пешкова соңғы жылдары интернет сервис бойынша сұрау салатын топтың қазақ тілді сегментінің қатарының көбейіп келе жатқанын айтты. Мысалы, 2000 жылдардың бас кезінде компания ұсынған қызмет түріне жүгінетіндердің 90 пайызы өзге тілдер болса, қазір 65 пайыз қазақ тілді сегменттің үлесінде екен.

You Tube-ті сатып алуға дейін Google компаниясында осыған ұқсас бағыттағы қызметі – Google Video болған. Google өкілдері мұны жаппай, оны барлық бейнехостингтік сайттар бойынша бейнелерді іздеу орны ретінде қолдануға шешім қабылдаған болатын. Қазір Google Video іздеуіне You Tube-те кіреді.

Рауан Кенжебай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу