Интернетсіз Иранның экономикасы 20 күнде "жермен-жексен" күйреді

8 қаңтарда басталған наразылықтардан соң ел экономикасына күніне 20 миллион 600 мың АҚШ доллары көлемінде тікелей шығын келіп отырған.

Интернетсіз Иранның экономикасы 20 күнде "жермен-жексен" күйреді Фото: independent.co.uk

Ал жалпы экономикалық шығын 370 миллион доллардан асуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ирандағы Компьютер инженерлері мен IT секторының кәсіби ұйымының төрағасы Әли Хекимджевади 2025 жылдың 28 желтоқсанында басталған наразылықтардан кейін үкімет енгізген интернетті өшірудің экономикалық салдарына қатысты Entekhab жаңалықтар сайтына пікір білдірген.  

– Интернеттің өшірілуі елге күніне 2-3 мың миллиард туман көлемінде экономикалық зиян келтіріп жатыр, – дейді ол. 

Хекимджевадидің айтуынша, интернеттің өшірілуінен ең көп зардап шеккен – цифрлық кәсіпорындар мен ақпараттық қызмет көрсететін компаниялар. Қазір аталған мекемелер қызметінің күрт төмендеуіне ұшыраған, кейбірі мүлдем тоқтап та қалған.

Fararu жаңалықтар сайты Иран Сауда палатасының жазбаша мәлімдемесінде саудагерлер мен кәсіпкерлердің интернетке қол жеткізуде әлі де күрделі мәселелерге тап болып отырғанын жазады. 

– Иран Сауда палатасында бірнеше жүйе орнатылған, десе де олар мұндай көп саудагер үшін жеткіліксіз әрі қолайсыз. Шетелдегі серіктестер мен клиенттермен байланыс орнату өте қиынға соқты, ал сауданың бір бөлігі іс жүзінде тоқтап қалды, – делінген мәлімдемеде. 

Ирандағы наразылықтардан соң зорлық-зомбылықтың күшеюі мен полицияның қатаң әрекеттері салдарынан 8 қаңтарда интернетке қолжетімділік өшірілген еді. 

Интернет шамамен 18 күн бойы жұмыс істемеді, елде жалпы тікелей экономикалық шығын 370 миллион доллардан асады деп болжанған. 

2025 жылдың 28 желтоқсанында Иранда ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты тез құнсыздануы мен экономикалық мәселелердің ушығуына байланысты Тегеранның Үлкен базарында саудагерлердің жетекшілігімен наразылықтар басталып, ол бүкіл елге тараған-ды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу