Инвестициялық банк АХҚО биржасының сауда мүшесі атанды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3189

WOOD&Co компаниясы Қазақстан экономикасына жаңа инвесторларды тартпақ.

Инвестициялық банк АХҚО биржасының сауда мүшесі атанды Фото: bnews.kz

Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне танымал WOOD&Co инвестициялық банкі "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасының (AIX) сауда мүшесі атанды.

30 жылдық тарихы бар компания әлем бойынша инвесторлардың бірегей базасын құрған. Бүгінде оның Варшава, Прага, Бухарест, Братислава, Милан және Лондон қалаларында кеңсесі жұмыс істейді. 

"Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасының басқарма төрағасы Тим Беннетт атап өткендей, WOOD&Co Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші брокерлік компания болып табылады.

"AIX-та саудаланатын бағалы қағаздар мен біздің биржа ұсынатын қызметтер WOOD&Co компаниясы арқылы халықаралық инвесторлар үшін одан әрі қолжетімді бола түспек. Біз жаңа брокерлер мен эмитенттер тарту бағытында бірлесіп жұмыс істейміз. Тартылған инвестиция қазақстандық және өңірлік экономиканы дамыту жолында катализатор болатынына сенімдіміз", – дейді Тим Беннетт.

WOOD&Co компаниясының басқарма төрағасы Владимир Яростың айтуынша, инвестициялық банктің мамандары Қазақстан нарығымен көп жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Олар халықаралық инвесторлар үшін ірі акциялар жөнінде талдамалық зерттеулер ұсынуда.  

"Біз "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатыстық. Сол сәттен бастап орталықтың биржасына тіркелу қамына кірістік. АХҚО биржасын халықаралық инвесторлар үшін және жекешелендіруді сәтті өткізуге арналған маңызды платформа деп есептейміз", – дейді Владимир Ярос.

Еске сала кетейік, AIX – "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы 2017 жылы АХҚО-ны дамыту аясында құрылған болатын. Ал 2018 жылдың 14 қарашасында президент Нұрсұлтан Назарбаев AIX алаңында бағалы қағаздардың алғашқы саудасын ашты.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы, GoldmanSachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры, NASDAQ AIX-тің акционерлері болып табылады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу