Инвестициялық табыстан ұсталатын комиссия 7,5 есе азайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13320

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинағының көлемі 12,7 трлн теңгеден асты. 

Инвестициялық табыстан ұсталатын комиссия 7,5 есе азайды

Орта есеппен алғанда соңғы 5 жылда зейнетақы активі жыл сайын 19,2%-ға көбейді. Ал жалпы ішкі өнімдегі үлесі есептік кезеңде 14,3%-дан 15,7%-ға ұлғайды.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оң динамикаға халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы мен орташа айлық жалақысының өсуі ықпал етті.

2020 жылдың 11 айында БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы 1,13 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе жоғары нәтиже. 2020 жылғы қаңтар-қараша аралығында қордың кірістілігі 10,16%-ды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш дәл осы кезеңде 6,16% болған.

Салымшылардың кірісін арттыру үшін қор шығындарды біртіндеп төмендетіп келеді. Жоспарды жүзеге асыру мақсатында БЖЗҚ жыл сайын қызметкерлер санын оңтайландыруға көшкен. Мысалы 2017 жылдан бастап штат саны 32%-ға немесе 736 қызметкерге, ал қызметкерлерге жұмсалатын шығыс 1,3 млрд теңгеге қысқарды. Штатты оңтайландыру қордың бизнес-процестерін автоматтандыру және бірқатар қызметкерлерді онлайн-форматқа ауыстыру арқылы жүрді. Іс барысында БЖЗҚ біртқатар операциялық бөлімшелерін жапты. Бұған қоса қор Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл сайын комиссиялық сыйақы мөлшерін азайту саясатын қолға алды.

Нәтижесінде соңғы 7 жылда қордың инвестициялық табысынан ұсталатын комиссия мөлшері 7,5 есе азайды. Осыдан 7 жыл бұрын инвестициялық табысынан ұсталатын комиссия мөлшері 15%-ды құраса, қазір биыл небәрі 2% болып тұр.

"Комиссия көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге – 0,05%-дан 0,011% -ға дейін азайды. Комиссиялық сыйақының мөлшері 2020 жылы инвестициялық табыстың 5%-нан 2%-ға дейін, зейнетақы активтерінен айына 0,015%-дан 0,011%-ға дейін төмендетілді", – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, кеше парламентте зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты заң қабылданды. Бұған дейін мәжілісте мақұлдаған құжат сенатта қаралып, толықтыру үшін кері қайтарылған болатын.

"Сенат енгізген түзетулер нақтылау сипатына ие және мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Сондықтан мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына сенат енгізген толықтыруларға келісім білдіруді ұсынады", – деді мәжілісте сөйлеген сөзінде депута Сәкен Өтебаев.

Біле жүріңіз, Президенттің пәрменімен салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсау құқығы берілді. Бүгінгі таңда 721 мың қазақстандықтың жоғарыдағыдай мүмкіндігі бар екенін белгілі болып отыр.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу