Бозжыраға араша түсіп, мәселе көтерген табиғат жанашырларының еңбегі еш кетпеген сияқты. Кешеден бері Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Маңғыстау облысында жүр. Ресми тұлғалармен өткен кездесуде ғалымдар мен сарапшылар мемлекеттік орган өкілдерінің ұстанымын өзгертіп қана қоймай, инвесторды да райынан қайтарған сияқты. Кездесудің қалай өткенін Мағзұм Мырзағалиев өзінің Тwitter парақшасында жазды.
"Президенттің Бозжыра шатқалындағы қонақ үй салу жобасын қайта қарау туралы тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында ғалымдармен, биологтармен, шетелдік сарапшылармен, жергілікті қоғам қайраткерлерімен кездестік. Барлығы туристік нысан тұрғызу өңір үшін аса маңызды деген ортақ ой айтты. Бірақ туризмді дамыту мен Бозжыра сияқты айрықша табиғи нысанның экожүйесін сақтаудың арасында тепе-теңдік болу керек. Жобаның әлеуетін бағалап, кеңестерін беру үшін тәжірибелі сарапшылар мен ғалымдарды Бозжыраға алып бардық", - деп жазды ведомство басшысы.
Бозжыраға арнайы барған сарапшылардың ішінде халықаралық мамандар да болды. Соның бірі – Англияның қала құрылысы корольдік институтының мүшесі "Urban Living" ЖШС плацкэйминг директоры Рикардо Марини. "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, аталмыш маманның Бозжыраны қорғау туралы пікірін жариялады.
"Егер қонақ үй қоры шатқалды қорғауға, білім және байланыс орнатуға бағытталса, инвесторлар қоршаған ортаны қорғауға өте мұқият қарайтын болса, қалдықсыз механизмнің максималды механизмі болса – онда бұл жақсы идея. Туристерге табиғат аясында өзін қалай ұстау керектігін, қоқысты қалай жинау керектігін түсіндіретін нұсқаулық болса, Бозжыраны бүкіл әлемдегі табиғи ескерткіштер сияқты тұрақты түрде дамытуға болады", - депті ағылшын сарапшысы.
Мағзұм Мырзағалиевтің Тwitter-дегі жазбасына сенсек, сапар соңында инвестор ұсынған жобаға өзгеріс енгізу керек деген шешім шыққан. Нақтырақ айтсақ, нысан Бозжыра қорығының Жабайұшқан қаумалынан тысқары салынатын болды.
"Жергілікті қоғам белсенділері ғалымдармен бірге қонақ үй салу өңірдің туризмін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін керек деген ойды алға тартты. Сондықтан ғалымдар мен жергілікті қоғам өкілдерінің ұсынысымен қонақ үй орны Жабайұшқан қаумалының сыртына ауыстырылатын болды.Инвестор компания өкілдері өз тарапынан жобаны жүзеге асыратын орынды қаумалдан тыс жерден таңдауға дайын екендерін жеткізді", - деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.
Ресми мәліметте қонақүйдің қаумалдан тыс салынатыны айтылғанмен, әзірге нақты орны белгісіз. Осыны нақтылау үшін Экология, геология және табиғи ресрустар министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып едік, туристік нысан Бозжыра шатқалынан нақты қанша шақырым қашықта орын тебетіні белгісіз екенін айтты.
"Бір анығы нысан Бозжыра шатқалы орналасқан арнай қаумалдан тысқары салынады", - деген жауап алдық.
Есімжан Нақтыбайұлы
Фото: avesta-news.kz