Инвесторлардың даулы мәселелерін Нұр-Сұлтандағы жалғыз сот қарайды

2977

Депутаттардың ұсынысы ескерусіз қалды.  

Инвесторлардың даулы мәселелерін Нұр-Сұлтандағы жалғыз сот қарайды

Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлдады,  деп хабарлайды іnbusuiness.kz.

Аталмыш құжатта инвесторлардың қатысуымен өтетін дауларды Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың құзырына толығымен тапсыру көзделген. Құжатты әріптестеріне таныстырған Қанат Мусин бұл норма Құқық қорғау және сот жүйелерінің реформасы бойынша комиссияда қолдау тапқанын айтты.

"Заң жобасының басты мақсаты  инвесторлар қатысатын даулардың инстанцияларын қайта қарау. Ұсынылып отырған инвестициялық даулардың сатылылығын өзгерту. Осыған орай заң жобасы Азаматтық процестік кодексіне, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 29 маусымдағы Заңға өзгерістер мен толықтыруларды көздейді",  деді депутат.

Мәжіліс өкілі заңмен ерекше құзырет берілген Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған сотқа кімдердің жүгіне алатынын да атап өтті.

"Біркелкі жүктемені бөлу және бірыңғай практиканы әзірлеу мақсатында  аталған  екі кодекске инвестордың қатысуымен өтетін даулардың инстанцияларын қайта қарастыру бойынша  бойынша тиісті түзетулер енгізілген. Атап айтсақ,  инвесторлар қатысатын даулардың қаралуы Нұр-Сұлтан қаласының  мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі. Аталған сот инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ, инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты мемлекеттік органдардың инвесторларға талап қоюларын қарайды. Бұл даулардың қатысушалары: біріншіден, Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар; екіншіден, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдіктің қатысуымен құрылған, дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы шетелдік инвесторға тиесілі заңды тұлғалар; үшіншіден, инвестицияларды жүзеге асыруға мемелкетпен жүзеге асыруға жасалған келісімшарты бар инвесторлар", - дейді Қанат Мусин.

Мәжіліс өкілдері инвестициялық дауларды бүкіл Қазақстан бойынша бір ғана соттың құзырына беру аса орынды шешім емес деген пікір білдірді. Тіпті облыстық деңгейдегі дауларды жергілікті экономикалық соттардың құзырына беру туралы ұсыныстар да айтылды. Алайда Қанат Мусин инвесторлардың елдегі сот жүйесіне деген сенімін арттыру үшін инвестициялық дауларды ел астанасындағы сот деңгейінде шешу орынды деген жауап айтты. 

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу