Инвесторлардың сеніміне селкеу салмау үшін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17987

AIX орталық депозитарийі еуропалық орталық депозитарийлер қауымдастығының қатарына қосылды.

Инвесторлардың сеніміне селкеу салмау үшін

"Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасының (АХҚО биржасы – AIX) орталық депозитарийі еуропалық орталық депозитарийлер қауымдастығының (ECSDA) мүшесі атанды.  

ECSDA құрамына Еуропаның 36 еліндегі 40 ұлттық және халықаралық орталық депозитарийлер енген. Аталмыш қауымдастық еуропалық, жаһандық қаржы нарығы үшін тиімді және тәуекелі төмен инфрақұрылым қалыптастырып, халықаралық реттеуші органдар мен мүдделі тараптар арасында сындарлы диалог орнатуға ықпал етеді.

"AIX орталық депозитарийі пост-трейдинг саласындағы халықаралық стандарттарды ұстануды және өз қызметін осы саладағы озық тәжірибе арқылы ілгерілетуді жоспарлап отыр. ECSDA-ға мүше болу арқылы біз өз қызметімізді халықаралық сапа стандарттарына сәйкестендіреміз. Осылайша клиринг пен есеп айырысу бойынша инвесторлардың AIX-ке деген сенімін  арттырамыз. Біз алдағы уақытта да сенімді инфрақұрылым құру жұмысын жалғастыра береміз", – деді AIX орталық депозитарийінің басқарма төрағасы Тим Беннетт.

Басқарма төрағасы білдірген пікірдің жаны бар. Бұған АХҚО-ның халықаралық аренадағы қаржылық көрсеткіштерін жақсартып жатқаны дәлел.

Таяуда ғана АХҚО GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 100 - орыннан 51- орынға көтерілді. Бұған қоса ол "Шығыс Еуропа және Орталық Азия" аймағының рейтингінде 1- орынды иеленді. Мұның сыртында Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне танымал WOOD&Co инвестициялық банкі AIX сауда мүшесі атанды.
AIX орталық депозитарийінің ECSDA мүшесі атануы АХҚО қызметіне ерекше серпін береді екен. Бұл туралы AIX клиринг және есеп айырысу бөлімінің басшысы, AIX CSD бас директоры Анна Колесниченко: "Бағалы қағаздардың еуропалық орталық депозитарийлер қауымдастығы жаһандық қаржы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі мен қаржы нарығының трансшекаралық байланысының нығаюын қадағалап, сараптап, зерттеп отырады. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік", – деді.

Біле жүріңіз, АХҚО жанынан құрылған ағылшын құқығына негізделген сот қаржы орталығының қатысушыларына халықаралық заң талаптары бойынша қызмет көрсетеді. Мұндағы тәуелсіз сот пен халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. АХҚО-ның Англия мен Уэльстен келген 9 судьясын президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған. Судьяларды Англияның бұрынғы жоғарғы судьясы лорд Вульф басқарады. Ал арбитражды орталыққа 23 халықаралық арбитраж енген. АХҚО құрылғаннан бері оған 100-ден астам компания тіркелді. 2020 жылы компаниялардың саны 500-ден асады деген болжам бар. Естеріңізге салайық, 2015 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО құру туралы Конституциялық заңға қол қойды, ал 2018 жылы 5- шілдеде оның тұсауын кесті. АХҚО қатысушыларына 50 жылға дейін салық төлемеу құқығы берілген. Сонымен қатар визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдік қарастырылған. Айтпақшы қор нарығын дамытатын қатысушыларға жайлы жағдай жасау үшін АХҚО биржасы жұмыс істейді. Бүгінде оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысып жатыр. АХҚО-ға ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, Қазақстанның  бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуын қамтамасыз ету сонымен қатар ел аумағында исламдық қаржыландыру нарығын дамыту міндеті жүктелген.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу