Үкімет басшысы Асқар Мамин министрлер кабинетінің өкілдеріне "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жұмысын жетілдіру қажет екенін айтты.
"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған "Астана" халықаралық қаржы орталығы ұлттық инвестициялық реформаның қозғаушы күші. Оның қызметі экономикалық өсімді жеделдетуге бағытталған. "Астана" халықаралық қаржы орталығы бизнеске шетел инвестициясын тартуда маңызды рөл атқарады. Бұл жерде әлемдік қаржы құрылымдарының озық тәжірибелері ескерілетін ерекше құқықтық тәртіп орнатылған. Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды тиімді пайдаланып, оның қалыптасуы мен дамуына ықпал етуі керек", – деді үкімет отырысында премьер-министр.
Асқар Маминнің мәлімдеуінше, "100 нақты қадам: Ұлт жоспары" аясында 2015 жылы "Астана" халықаралық қаржы орталығының арнайы конституциялық заңы қабылданған. Осы конституциялық заңға ұсынылып отырған түзетулер қаржы орталығының елдің негізгі қаржылық платформасы ретінде жылдам қалыптасып, дамуына мүмкіндік береді.
Басқосу барысында қаржы орталығының құқықтық юрисдикциясын дамыту мақсатында "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы конституциялық заңға өзгеріс енгізу жобасы мақұлданды. Үкімет мүшелері бірауыздан қаулы жобасының әзірленуін қолдап, дауыс берді.
"Қаржы министрлігі "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, заң жобасын парламентте сапалы түрде пысықтауды қамтамасыз етуі қажет. Салық кодексіне қажетті өзгерістерді енгізуді тапсырамын. Барлық енгізілген өзгерістер 2020 жылы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуі тиіс", – деді үкімет басшысы.
Естеріңізге салайық, 2015 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы құру туралы Конституциялық заңға қол қойды, ал 2018 жылы 5- шілдеде оның тұсауын кесті.
"Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына 50 жылға дейін салық төлемеу құқығы берілген. Сонымен қатар визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдік қарастырылған. Айтпақшы қор нарығын дамытатын қатысушыларға жайлы жағдай жасау үшін АХҚО биржасы жұмыс істейді. Бүгінде оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысып жатыр. АХҚО-ға ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, Қазақстанның бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуын қамтамасыз ету сонымен қатар ел аумағында исламдық қаржыландыру нарығын дамыту міндеті жүктелген.
Қанат Махамбет