Мемлекет басшысы ең алдымен, Король II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның Иордания халқының өсіп-өркендеуіне және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты.
Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет.
– Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін қабылданатын Бірлескен мәлімдеме мен келісімдер Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша арттыруға қос тарап та мүдделі екенін білдіреді.
Иордания Королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды, – деді Иордания Королі.
Келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.