Мұндай игілік басқа смартфон шығарушылардың бірде-біріне, соның ішінде "Apple"-ға да бұйырмаған.
Бұған дейін "Самсунг" осы жаһандық тұғырды "Sony"-мен бірге бөлісіп келіп еді. "Сони" ұзақ уақыт бойы смартфондарын өз күшімен шығарумен болды.
Алайда енді компания бұл бизнес модельден бас тартуға шешім қабылдады. Ол бөгде, сыртқы өндірушілерге жүгінетін болады. Бұл туралы AndroidPolice мамандандырылған порталы хабарлады.
Мысалы, қазіргі кезде Apple және басқасы тек өз смартфондарының жобасын, сипаттамаларын, бағдарламаларын және басқасын ғана әзірлейді. Соның негізінде оны жасап құрастырумен Қытай, Вьетнам, Тайвань сияқты елдердің компаниялары мен зауыттары айналысады.
"Осылайша, бүгінде бүкіл дүниежүзінде кореялық Samsung – смартфондары өндірісінің толық циклін тек өзі жүргізетін жаһандық жалғыз брендке айналды. Apple және Google, өзге де әлемдік брендтердің иегерлері тек төл смартфондарының үлгілерін әзірлеумен ғана айналысады. Алайда өз смартфондарын жасауды олар серіктестеріне тапсырады. Осындай аутсорсинг есебінен қаржы үнемдейді, төл шығыстарын төмендетеді", – деп түсіндірді портал.
Соның салдарынан, Apple, Google секілді құны жүздеген миллиардқа баратын техногиганттар өз елдерінің ең ірі жұмыс берушісі саналмайды. Олар жүздеген мың жұмыскеріне жалақы, сыйлықақы төлемейді, кеңселер, зауыт-кәсіпорындар ұстамайды.
Өндіріс бойынша да, тасымалдау, қоймалау, логистика бойынша да шығыстарды өз мойнына алмайды.
Бұл тетік оларға өндірісті жедел түрде масштабтауға мүмкіндік береді екен. Мысалы, Apple бас мердігері – Қытайдың Чжэнчжоуындағы алып кәсіпорны қажетті партияны жасап үлгермей жатса, тапсырысты тайваньдық немесе басқа азиялық компанияларға бере салады.
Шетелдік ақпарат құралдарының, соның ішінде GSMArena мәліметінше, Sony сыртқы өндірушілердің қызметін пайдаланатын компаниялардың қатарына барып қосылды.
Бұрын Sony өз смартфондарын өзіне тиесілі 3 өндірістік алаңда жасап келді. Оның меншігіндегі екі зауыты – Тайваньда, біреуі – Қытайда жұмыс істейтін. Енді бұл кәсіпорындардың шығаратын өнімдерінің тізімінен "смартфондар" деген графа толығымен жоғалып кетті.
Соған қарағанда "Сони" үшін смартфон өндірісі басымдық болуды қойып, екінші орынға сырғығанға ұқсайды. Болашақта бұл сегменттен толық кетуі де ғажап емес.
Бұдан бұрын жапондық компания орта сыныптағы смартфондарының модельдерін өндіруді аутсорсингке берген болатын. Бұл жолы ол төл өндірісінің процесін мүлдем тоқтатып, флагмандық модельдерін шығаруды да серіктестеріне "делегациялады".
Соның ішінде өзекті "Sony Xperia 1 VII" смартфондарының өндірісін де бөтен мердігер компанияларға жүктеді. Бұл Sony-дің бұдан былай өзінің бірде бір "қалтафонын" өзі өндірмейтінін білдіреді.
Осыған қарап, кейбір ақпарат құралдары: "Sony флагмандық смартфондарын шығаруды доғарды" деген тақырыппен шықты. Олар әрине, ары қарай шығады, бірақ ол енді таза "Сонидің" өнімі болмайды. Компания бұдан сапаға ешқандай залал, нұқсан келмейтініне сендірді.
Жалпы, сарапшылар бұл бетбұрыс нәтижесінде Sony үшін әлдененің өзгеретініне сенбейді. Оның өнімдеріне сұраныс дамыған елдерде жоғары емес.
Компания өз смартфондарына жоғары баға белгілейді, құнын арзандататын түрі байқалмайды. Содан кедей елдердің де нарықтарында кейінгі орынға ығысты.
Салдарынан, оның әлемдік нарығы шағын. Әйтсе де, аутсорсинг кезінде мердігер-өндірушілерді қысып, барынша арзан шығаруға иліктіре алса, келесі тираждарын икемді реттеп, бағасын қолжетімді етуі ғажап емес.
Жапондық осы трансұлттық корпорация "тұғырынан" тайғаннан кейін әлемнің назары Android-смартфондарды өз бетінше өндіретін жаһандық жалғыз ірі бренд – кореялық Samsung-ке ауды.
Ол болса, өз зауыттарын жаңғыртып, ары қарай дамытуға қомақты қаржы салуда. 2024 жылы кореялық алпауыт өндірісін дамытуға ғаламат сома – жалпы көлемі 53,6 триллион вон капиталды шығыс шығарды.
Олай болса, қазіргі алған бағытынан жаңылып, төл кәсіпорындарын жауып, "Сонидің" кебін құшпасы сөзсіз.
"Бұрын маған Sony Xperia смартфондары қатты ұнайтын. Компания заманында осы нарыққа өз жаңашылдықтарын әкелді, әсіресе, оның камералары кәсіби фотоаппарат деңгейінде "фокусировка" жасап, сапалы фото түсіре алатын. Түпнұсқалық Sony Xperia 1 тіпті 4K OLED-дисплейге ие болды. Өзге де артықшылықтары жеткілікті еді. Соның арқасында кең экранға арналып түсірілген фильмдерді фантастикалық сапамен смартфоннан көре алатынсыз", – дейді AndroidPolice сарапшысы Стивен Радочия (Stephen Radochia).
Оның мәліметінше, содан соң Sony Америка нарығынан кетуге шешім қабылдапты. Салдарынан, бүгінде АҚШ дүкендерінде Сони өнімдерін табу күрделі екен. Негізінен, Айфондар мен Самсунгтер сөреде самсап тұрады.
Сарапшы егер жапондық Sony аутсорсингті америкалық компанияларға беріп, смартфондарын АҚШ-та шығара бастаса, Құрама Штаттардың жоғалтқан нарығын оралта алуы мүмкін екенін жеткізді. Алайда Америкада өндірсе, қазіргі онсыз да жоғары бағасы одан сайын өсіп кетуі ықтимал.
Осы кезде Samsung баюда. 2024 жылдың қорытындысында кореялық компанияның жылдық табысы рекордтық 300,9 триллион вонға жетті. ҚР Ұлттық банктің бағамы бойынша бұл 114,3 триллион теңгеге барабар.