Ипотека алғанда салық жеңілдігін пайдаландыңыз ба?

10298

Ал Отбасы банкінен несиеге баспана алғандар осы салық түріне жеңілдік ала алады. 

Ипотека алғанда салық жеңілдігін пайдаландыңыз ба?

Жұмыс істейтін адамның ай сайынғы жалақысынан жеке табыс салығы ұсталатыны белгілі. 

Отбасы банкінен ипотекаға тұрғын үй рәсімдеген азаматтарға салық жеңілдігі бұрыннан бар. Бірақ бұл жөнінде көп адам біле бермейді. Салық кодексінің 349-бабында: "Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді Қазақстан Респуликасының резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған, Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады" деп атап көрсетілген.

Яғни қарапайым тілмен айтқанда, осы банктен несиеге үй алған адам банк белгілеген сыйақы мөлшерінде салық жеңілдігін алуға құқы бар. Ол үшін не істеу керек? Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, ипотекамен баспаналы болған азамат Отбасы банкімен жасаған несие шарты мен қарызды өтеу мерзімі белгіленген кестенің көшірмелерін және қарызды ай сайын өтеп жатқанын растайтын төлем түбіртегін алып, жұмыс берушісіне тапсыруы керек.

"Бухгалтер осы құжаттарды қарап, банкінің қосқан сыйақы мөлшерін есептейді де, жұмысшының жалақысынан сыйақы мөлшерін шегеріп, ұсталатын салықты азайтуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Отбасы банкінен ипотекалық несие алған жұмысшыдан салық аз ұсталатындықтан, оның жалақысы бұрынғыдан көбірек түседі деген сөз", – дейді Айнұр Сартаева.

Отбасы банкіндегі ипотекасын өтеп келе жатқан, бірақ салық жеңілдігін алмаған азаматтар да өз құқын пайдалана алады. 

"Ол үшін жұмыс берушіге өтініш жазу керек", – дейді Айнұр Сартаева.

Өтініште несиенің өтелген мерзімі мен салық жеңілдігі қолданылмаған кезең көрсетілуге тиіс. Ескере кететін жайт, өтіп кеткен кезеңдер үшін тек соңғы үш жыл ғана есепке алынады. Осы өтінішке сай жұмыс беруші есеп жүргізіп, жұмысшының алмаған ақшасын қайтаруға міндетті.

Салық кодексіндегі бұл жеңілдіктер басқа банктерден ипотека алған азаматтарға да қарастырылуға тиіс болатын.

"Салық кодексіне жалпыға бірдей декларациялауға көшудің соңғы  кезеңімен тұспа-тұс келетін бұл түзету күшіне енген соң, ипотека алған барлық азаматқа салық жеңілдігі қарастырылады. Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Негізі декларациялау төрт кезеңмен енгізіледі, ал төртінші кезең 2025 жылы жүзеге асады деп жоспарлануда. Сондықтан жеке тұлғаның екінші деңгейлі банктерден (Отбасы банкінен басқа) алған несиесі бойынша сыйақы мөлшеріндегі салық шегерімдерін қолдану 2025 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды", – дейді А.Сартаева.

Қымбат Нұрғали


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу