Ипотека төлеуде қиындыққа тап болғандар 2021 жылдың 15 маусымына дейін арыз бере алады

11853

"Астана Банкі" мен "БТА Банктің" балансына өткен баспаналар борышкерлерге жалға беріледі. 

Ипотека төлеуде қиындыққа тап болғандар 2021 жылдың 15 маусымына дейін арыз бере алады

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысқысы келетін азаматтар 2021 жылдың маусымына дейін өтініш өткізіп үлгеруі керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде өткен кездесуде Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев осындай мәлімет айтты.

Оның айтуынша, бүгінге дейін қиындыққа тап болған борышкерлерден  1 600-ден астам өтінім келіп түскен екен. Соның ішінде 1 006 борышкердің проблемасы бақылауға алынған. Атап айтқанда, арыз берушінің төлем қабілеттілігін ескере отырып,   борыш көлемін азайту, қарызды өтеу кестесін қайта жасау шаралары жүргізілуде.

Дегенмен тұрғындардың көбі биыл қыркүйектен бастап аталмыш бағдарлама аясында ипотекалық проблемасын жеңілдетуге құқылы адамдардың санаты кеңейтілгенін біле бермейді. Александр Теретьев бұл тізбеге халықтың әлеуметтік осал тобына кіретін кепіл беруші, кепілгер және қосалқы борышкерлер кіретінін айтты. Бұл тұлғалар өзі кепілгер болған қарыз алушының жұбайы немесе жақын туысы  болуы керек. Сондай-ақ¸ бірқатар сырқаты бар борышкер мен кепілгер, кепіл беруші мен қосалқы борышкер еңбекке жарамсыздығы салдарынан табыс табу мүмкіндігінен айырылған жағдайда бағдарламаның көмегіне жүгіне алады. Жаңартылған тізімге мынадай аурулар енгізілген:

1. 3-ші топтағы мүгедектігі бар АИТВ;

2. туберкулезді менингит, сүйектер мен буындардың (омыртқа мен жамбас) туберкулезі, жалпыланған туберкулез, кең таралған дәріге төзімді туберкулез, бактерия бөлінуі бар, сонымен қатар 1Г тобында бақылауда тұрған және симптоматикалық ем қабылдайтын өкпе туберкулезі;

3. мүгедектік тобының болуына қарамастан қатерлі ісіктер;

4. 3-ші топтағы мүгедектігі бар дәнекер тіннің жүйелі  зақымдануы;

5. 3-топтағы мүгедектігі бар орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары.

"Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге дейін белгіленген. Яғни, 2021 жылғы 15 маусымға дейін бағдарламаға қатысушы банктерге өтініш берілуі қажет", - деді Александр Терентьев.

Оның сөзінше, Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы тұрғындарға екі бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Бірінші бағыт шеңберінде 2004-2009 жылдар аралығында берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген, 50 млн теңгеден аспайтын сомадағы ипотекалық қарыздар қайта қаржыландыруға жатады. Оның жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3%-дан аспайды. Мұндағы басты артықшылық, банктер қарыз алушының сыйақы, өсімпұл, айыппұл және комиссия бойынша берешегін талап ете алмайды. Яғни, тек негізгі қарызды ғана төлете алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сенсек, 1 қарашадағы жағдай бойынша елдегі банктер 179,3 млрд теңгенің 28 574 қарызын осы тәсілмен қайта қаржыландыруға келіскен.

Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетелдік валютамен берілген ипотекалық қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамымен (АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) айырбастауға жатады. Мұнда әлеуметтік осал топ өкілдері үшін сыйақы мөлшерлемесі - 3%, басқа санаттар үшін-12%.

Ресми деректер бойынша, 1 қарашаға дейін банктер 84,2 млрд теңгенің 9324 валюталық ипотекасын қайта қаржыландыруға келіскен. Соның негізінде 74,1 млрд теңгенің 8820 қарызы теңге ауыстырылған. Мұнда банктер сыйақы, комиссиялар мен тұрақсыздық айыбы түріндегі 92,1 млрд теңгенің "табысын" борышкерлерден талап етпейтін болып шешілді.   

Бір ескеретін дүние, шетелдік валютамен алынған ипотекалық қарыздарды теңгеге ауыстыру шаралары биыл аяқталады.

"Бағдарламаға қатысатын банктерге 2020 жылғы 15 желтоқсанға дейін өтініш жасауы қажет! Қалған валюталық қарыздарды банктер қарыз алушының өтінішінсіз бағам бойынша айырбастайды. Қарыз алушылар банктің қарызды айырбастау туралы хабарламасын алғаннан кейін 3 ай ішінде 30 жылға дейінгі мерзімге сыйақы мөлшерлемесімен өз қарызын қайта қаржыландыра алады", – деді Александр Терентьев. 

 Кездесу барысында Александр Терентьев бұған дейін тарап кеткен "Астана Банкі" мен Qazaq Bank-тің борышкерлеріне тоқталды.

"Аталмыш банктерден ипотекалық қарыз алушылардың валюталық борышы "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" АҚ-ға берілмек. Сондай-ақ "Астана Банкі" АҚ және "БТА Банк" АҚ балансына өткен баспаналар борышкерлерге жалға берілетін болады", – деп қорытындылады ол.

 Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

       

 

         

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу