Ирак Сирияға жасақ аттандырып жатыр

1359

Түркияға арқа сүйеген оппозициялық күштер өткен аптада елдің екінші ірі қаласы Алеппоны басып алды. 

Ирак Сирияға жасақ аттандырып жатыр Фото: Багнет

Бұл шабуыл Израиль "Хезболланы" әлсіретіп, Ресей Украинаның әлегімен жүргенде басталып отыр.

Мыңдаған сириялық көтерілісші сенбі күні елдің екінші ірі қаласы Алеппоның көп бөлігі  мен әуежайын басып алып, позициялар орнатып, жақын маңдағы провинцияға да шабуылын кеңейтті. Соғысушылар мен белсенділердің айтуынша, оларға үкімет әскерлері тарапынан еш қарсылық болмаған.

Сирия адам құқықтары жөніндегі обсерваториясының хабарлауынша, жылдар бойы Идлиб провинциясын бақылауда ұстаған "Хаят Тахрир әш-Шам" тобы Алеппомен шектеліп қалмай, енді Хама провинциясының солтүстігіндегі қалалар мен ауылдарды жаулауға көшті. Олар сенбі күні кешке тіпті Хама қаласына кіргенін жариялап отыр.

Жедел және тосын шабуыл Сирия президенті Башар Асадты ұятқа қалдырып, оның қарулы күштерінің дайындығы туралы сұрақтар туындатып отыр. Көтерілісшілердің солтүстік-батыстағы бекіністерден басталған шабуылы жылдар бойы жоспарланған сияқты. Сондай-ақ бұл шабуылдар Асадтың одақтастары өз соғыстарымен әлек болып жатқан шақта жасалды.

Сенбінің кешінде жасаған мәлімдемесінде Асад Сирияның "террористер мен олардың жақтастарынан ел тұрақтылығы мен аумақтық тұтастығын қорғауды" жалғастыратынын айтты. Шабуылдар қаншалықты күшейсе де, Сирия өз қарсыластарын жеңе алатынын ескерткен.

Сириялық оппозициялық топтардың негізгі қолдаушысы Түркия өзінің дипломатиялық күш-жігерінің соңғы апталарда оппозиция бақылауындағы аймақтарда үкімет әскерінің шабуылдарын тоқтата алмағанын мәлімдеп отыр. Ал Анкараның сөзінше, бұл жағдай Ресей, Иран және Түркия демеушілік еткен деэскалация келісімін бұзған. Тағы бір сөзінде түрік қауіпсіздік шенеуніктері көтерілісшілердің шектеулі шабуылдары Асад армиясының шабуылдарын тоқтату және бейбіт тұрғындардың оралуына мүмкіндік беру үшін жоспарланғанын, бірақ Сирия үкіметінің күштері өз позицияларынан шегіне бастағандықтан, шабуылдың кеңейе түскенін айтты.

Салафиттік жиһадшы "Хаят Тахрир әш-Шам" тобы бастаған көтерілісшілер, соның ішінде Түркия қолдайтын жасақтар өздерінің үлкен жорығын сәрсенбі күні бастады. Олар алдымен Алеппо және Идлиб провинцияларының ауылдарын алып, екі күннен кейін Алеппоның өзіне кірді. Ал сенбі күні кешке көтерілісшілер орталық Хама провинциясында кем дегенде төрт қаланы басып алып, провинция астанасына да кіргендерін хабарлады.

Дегенмен соңғы мәліметке қарағанда, Асад армиясы бірнеше қаланы қайтарып, Сирия мен Ресей әуе күштері елдің солтүстік-батысын бомбалап, кемінде 25 адамды мерт қылған.

Қарсы шабуылға дайындық және Ирактан көмек

Сирия қарулы күштері сенбідегі мәлімдемесінде Алеппоға жасалған ауқымды шабуылды тоқтату үшін қарсы шабуылға дайындалып жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде көтерілісшілердің қаланың үлкен бөлігіне кіргені мойындалғанымен, олардың базалар мен бақылау бекеттері әлі құрылмағаны айтылған.

Асад күштері Алепподан көтерілісшілерді 2016 жылы Ресей мен Иранның және оларға одақтас қарулы топтардың көмегімен ауыр әскери науқан жүргізіп ығыстырды. Содан бері оппозиция содырлары Алеппоға алғаш рет оралып отыр.  

Көтерілісшілер шабуылы Иранмен байланысты топтар, солардың ішінде Сирия үкіметінің күштерімен одақтас ливандық "Хезболла" өз жерінде Израильмен соғысып, әлсіреп, атысты тоқтатуға келіскен сәтте басталды. Бұған қоса, Израиль соңғы 70 күнде Сириядағы "Хезболламен", Иранмен байланысты нысандарға соққы беруді үдеткен. Ресей болса, қазір негізінен Украинадағы соғыспен әлек.

Сириядағы адам құқықтарын бақылау обсерваториясының дерегінше, 200-ге жуық ирактық жасақ пикаппен бір түнде стратегиялық Бу Камал өткелі арқылы Сирия жеріне енген. Олар Сирия армиясының көтерілісшілерге қарсы соққысын қолдау үшін Алеппоға жөнелтіледі деген болжам бар.

Көтерілісшілер Алеппо қорғанының үстіне ту тікті

Қала орталығындағы "Саадалла әл-Джабри" алаңында сөйлеген сөзінде  оппозициялық жауынгер Мохаммад әл-Абдо Алеппоға 13 жыл ішінде бірінші рет оралғанын, соғыс басталғанда ағасы қаза тапқанын айтты.

"Құдай қаласа, Алеппо провинциясының қалған бөлігі де үкімет күштерінен азат етіледі", – дейді ол.

Сенбі күні қала орталығында көлік қозғалысы сиреген. Оппозиция жауынгерлері үкімет әскерінің қашуын мерекелеп, аспанға оқ атқан. Ал журналистер көтерілісшілер тұтқындаған сарбаздар мен шайқаста қаза тапқан басқалардың мәйіттерін видеоға түсіріп әлек.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, көтерілісшілер өз жалауларын Алеппо цитаделінінің үстіне тігіп, Асад портреттерін дереу жоюға кірісті.

Қала ауруханалары жаралыларға лық толы

Алеппо тұрғындарының көпшілігі қақтығыстар мен атыстарға байланысты үйден шыға алмай отыр. Кейбіреулер шайқастан қашып, өзге елді мекендерге кеткен.

Үкіметке жақтас Шам FM радиосының хабарлауынша, сенбі күні мектептер мен мемлекеттік мекемелер түгел жабылды. Дегенмен жергілікті наубайхана жұмысын тоқтатпаған. Куәгерлердің айтуынша, көтерілісшілер зорлық-зомбылықтар мен тонаушылыққа жол бермеу үшін қаланың айналасына қауіпсіздік күштерін шоғырландырып жатыр.

Елдің шығысындағы сириялық күрдтер бақылауындағы әкімдік болса, 3000-ға жуық адам, көпшілігі студенттер, күрдтер көп мекендейтін Алепподағы соғыстан қашып, өз ауылдарына оралғанын хабарлады.

Сенбіде мемлекеттік телеарнаның таңғы бағдарламасында комментаторлар армияны күшейту мен Ресейдің көмегі "лаңкестік топтарға" тойтарыс беретінін айтып, Түркияны көтерілісшілердің Алеппо мен Идлиб провинцияларына басып кіруіне қолдау көрсетті деп айыптады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу