Ирак түрмесінен келген балалардың ең кішісі екі жаста

3157

Қауіпті аймақтан балаларды алып қайту операциясы сәтті өтті.  

Ирак түрмесінен келген балалардың ең кішісі екі жаста

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен Ирак түрмесінде анасымен жатқан 14 қазақстандық бала 27 қараша күні елге қайтарылды.

ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев елге оралған балалалар туыстарына берілетінін айтты.

"Террористік әрекеттерге қатысты айыпталып, қамауға алынған әйелдер Ирак сотында сотталып, жазаларын өтеуде. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Құжаттары әзірленіп, оңалту шаралары аяқталғаннан кейін өз туыстарымен қауышатын болады", – деді министрінің орынбасары.

Ирак елінен балаларды алып қайту операциясына қатысқан, ҚР сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко акцияның қалай өткенін айтып берді.

"Бұл гуманитарлық акцияны іске асыруға 7-8 ай уақыт кетті. Біздің балалар Иракта лас түрмелерде жатты. Біреуінің әке-шешесі әскери әрекеттер кезінде қаза туып, жетім қалған. Он төрт баланың он екісі төрт отбасынан шыққан. Екі баланы ата-анасы Қазақстаннан апарған. Он екі бала Иракта дүниеге келген. Барлығы сегіз қыз, алты ұл. Ең үлкені – 12 жасар ұл, ал кішісі – әлі 2 жасқа да толмаған қыз бала. Туғанына бір жыл он ай ғана болды. Бағдатта тыныш емес. Қарсылық жиындары, қақтығыстар болып жатыр. Әр көше қиылысында полицияның бақылау-өткізу бекеттері орналасқан", – деді ерекше тапсырмалар жөніндегі елші.

"Қамаудағы әйелдер өмір бойына сотталды. Ирак заңы бойынша, өмір бойына сотталғандар 25 жыл қамауда отырады. Қамау мерзімі біткен кезде әйелдер Қазақстанға қайтады", – деп Станислав Василенко сөзін толықтырды.

ҚР білім және ғылым министрінің балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер елге оралған балалардың қазіргі жағдайы туралы өз ойын ортаға салды.

"Бүгін балалар өздерін жақсы сезіне бастады. Асыр салып ойнап жүр. Балалардың төртеуі оқушы. Олардың психологиялық жағдайын тексергеннен кейін, әр балаға арналған жеке жоспар құрылады. Карантиннен тездетіп шығарып, туыстарына беру қарастырылуда. Балалар орналасқан жер өте жақсы жағдайда", – деді ол.

"Ирак соғыстан кейінгі қауіпті аймақ. Балаларды бір күн ішінде алып қайттық. Қазір Иракта басқа қазақстандық бала жоқ. Егер табылып жатса, алып қайтуға бар күшімізді саламыз. Балаларды құтқаруға 57 млн теңге жұмсалды. Шығын негізінен ұшақ жалдауға кетті. Жусан операциясы арқылы 400 бала елге оралған болатын, бұдан басқа әр түрлі жолдармен шетелден барлығы 500-ге жуық бала қайтарылды", – деді Ержан Ашықбаев.

ҚР сыртқы істер министрлігінде өткен брифингке Ирактан қайтқан бір баланың әжесі келіп, өз оқиғасын айтып берді.

"Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Қызым шет тілі маманы, араб тілін жақсы біледі. Түркияға жұмыс істеуге кеткен еді. Басында жиі хабарласып тұрдық. Бір уақытта байланысқа шықпай қойды. Соңынан хабарласып, бір адам балаларымен қосып Сирияға әкетіп бара жатқанын айтты. Қызым екі баласымен хабарсыз кетті. Қайда екенін білмеймін. Бір немеремді Ресейлік телеарнадан көріп қалып, хабарластым. Немеремді қайтарғаны үшін сыртқы істер министрлігіне, үкіметке алғысым шексіз", – деді немересін тапқан әже.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу