Иранның әскери қолбасшылығы АҚШ-ты бітім шарттарын бұзды деп айыптап, Ормуз бұғазы бағытында жүзіп бара жатқан ирандық мұнай танкеріне соққы жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Иранның мемлекеттік хабар таратушысы IRIB таратқан хабарламада айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Мәлімдемеде бұғазға Фуджейра порты тұсынан бара жатқан тағы бір кемеге де шабуыл жасалғаны жазылған. Сондай-ақ әуе соққылары Бендар-Хемир, Сирик жағалаулары мен Кешм аралы маңында жасалғаны хабарланды.
Иран тарапы қарулы күштер "жедел жауап беріп", америкалық әскери кемелерге соққы жасап, оларға "айтарлықтай шығын келтіргенін" мәлімдеді. Бұл ретте CENTCOM америкалық күштер "себепсіз жасалған ирандық шабуылдарды тойтарғанын" хабарлады.
"АҚШ Орталық қолбасшылығы төнген қауіптердің жолын кесіп, АҚШ күштеріне шабуыл жасаған ирандық әскери нысандарға соққы берді. Олардың қатарында зымыран және дрон ұшыру алаңдары, басқару және бақылау пункттері, сондай-ақ барлау және бақылау жүйелері бар. CENTCOM шиеленістің күшейгенін қаламайды, алайды америкалық күштерді қорғауға дайын", – делінген АҚШ әскерилерінің мәлімдемесінде.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған бітімнің әлі де күшінде екенін жеткізді. Кейін ол Truth Social желісінде ирандық шабуылдаушыларға "айтарлықтай шығын келтірілгенін" және көптеген шағын катердің толық жойылғанын жазды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы соңғы атыс алмасуға қарамастан, АҚШ Иранмен келіссөздерді жалғастырып жатыр.