Иран президенті әкімшілігі коммуникациялар жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Мехди Табатабаи президент Масуд Пезешкианның қызметінен кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Табатабаидің мәлімдемесі X әлеуметтік желісінде тараған ақпараттарға жауап ретінде жасалды. Ол ел президенті Масуд Пезешкиан халыққа қызмет етуден бас тартпайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол президенттің отставкаға кеткені туралы хабарларды шетелдік кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының кезекті "ойыны" деп атады.
Мехди Табатабаи Иран халқы бірлік пен ынтымақтан айнымайтынын жеткізді. Ирандықтардың ұлттық тұтастығын бұзуға бағытталған әрекеттер кезекті рет сәтсіз аяқталатыны айтылды.
Иран үкіметінің ақпараттық кеңесінің басшысы Эльяс Хазрати де БАҚ-та тараған Масуд Пезешкианның президенттік қызметінен кететіні туралы хабарлардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы "Риа Новости" агенттігі жазды.
"Соңғы айларда кейбір шетелдік БАҚ президенттің қызметінен кеткені туралы қауесетті бірнеше рет таратты. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және бұған дейін де талай мәрте теріске шығарылған", – деді Хазрати.