Иран футболшылары әлем чемпионатына қатысу үшін виза алды

393

Құжаттар 48 сағат ішінде рәсімделіп, ойыншылардан жеке қатысу мен саусақ ізін тапсыру талап етілмеген.  

Иран футболшылары әлем чемпионатына қатысу үшін виза алды Фото: РБК

Иран ұлттық құрамасының футболшылары 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысу үшін қажетті визаларды алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Түркиядағы Иран Ислам Республикасының елшісі Мұхаммед Хасан Хабиболлазаде ирандық мемлекеттік телерадиокомпанияға берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, құраманың ойыншыларына арналған визалар 48 сағат ішінде рәсімделген. Сондай-ақ құжаттарды алу барысында футболшылардың жеке қатысуы мен Мексика елшілігінде саусақ ізін тапсыру рәсімі талап етілмеген.

Бұған дейін, мамыр айының соңында Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Иран құрамасының әлем чемпионаты кезіндегі базасын АҚШ-тан Мексикаға көшіру туралы шешімді мақұлдаған болатын.

2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Иран құрамасы G тобында өнер көрсетеді. Команда Бельгия, Египет және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездеседі. Матчтардың барлығы АҚШ аумағында өтеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канадада ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу