Иранның жоғарғы көшбасшысы, аятолла Әли Хаменеи АҚШ-тың ықтимал шабуылы аясында Тегерандағы жерасты бункеріне көшірілді. Бұл туралы оппозициялық Iran International сайты жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Аятолланың күнделікті міндеттерін оның үшінші ұлы Масуд Хаменеи атқарып жүр. Ол режимнің атқарушы билігімен негізгі байланыс орнататын адамға айналды.
Бұдан басқа Иран өзінің әскери дайындығын көрсетуге тырысқан. Иран армиясының Құрлық әскерлерінің қолбасшысы, бригада генералы Әли Джаханшахи қарулы күштердің ынтымағы дағдарыс кезінде жауды жеңудің негізі екенін жеткізді. Оның сөзінше, Құрлық әскерлері Иран аумағын қорғайтын болады. Джаханшахи Иранды қасық қаны қалғанша қорғауға дайын екенін мәлімдеді.
Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарай көп кемелер жіберіп жатқанын айтты. Иранның жоғары лауазымды шенеунігі кез келген шабуылды Иран жаппай соғыс ретінде қабылдайтынын жеткізді. Соңғы күндері Ислам Республикасы тарапынан осы мәлімдеме жиі айтылды.
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Вашингтонның Әли Хаменеиға қарсы кез келген соққысы Иран халқына бағытталған жаппай соғысқа тең болатынын айтты. Жұма күні АҚШ-тың Қаржы министрлігі Ирандағы наразылықтардың күшпен басылуына байланысты елге қарсы жаңа санкциялар салды.
Израильдік БАҚ Иран тарапынан соққы жасалуы мүмкін деген алаңдаушылықтың күшейіп жатқанын мәлімдеді. Израиль АҚШ-тың күн тәртібінде әскери нұсқа әлі де тұр деген пікірде. Телеарнаның хабарлауынша, АҚШ әскери күштері бірнеше күн ішінде аймақта ауқымды әскери мобилизацияны аяқтауды жоспарлап отыр. Олардың ішінде әуе тасымалдаушы кемені, әскери-теңіз күштерінің соғыс кемелерін, жойғыш ұшақ эскадрильяларын, зымырандарды ұстап қалуға арналған жүйелерді орналастыру кіреді.