Иран Лариджанидің қаза табуына байланысты Израильге шабуыл жасады

126

Желіде бейнежазба тарады.

Иран Лариджанидің қаза табуына байланысты Израильге шабуыл жасады Фото: © Getty Images / Anadolu / Nir Keidar

Иран Израильге зымырандық соққыларын күшейтті. Сауд Арабиясы, БАӘ және Ирак сияқты бірқатар елдер де Иран тарапынан жаңа шабуылдар болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Тегеранға жасалған соққылар кезінде Ислам революциясы сақшылар корпусы құрамындағы "Басидж" бөлімінің басшысы Голам Реза Сүлеймани мен Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған Әли Лариджани қаза тапты. Осыдан кейін Иран Израильдің орталық аймақтарына жаппай зымыран соққысын жасады. Бұл жағдай ел басшылығына ауыр соққы болып тигені айтылған.

Әли Лариджани АҚШ пен Израиль жүргізген операция барысында Иранда қаза тапқан екінші жоғары лауазымды шенеунік атанды. Бұған дейін елдің бұрынғы жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи де мерт болған. Израильге бағытталған ирандық зымырандардың дені әуе қорғаныс жүйелері арқылы жойылды. Соққылар салдарынан Израильдің орталығындағы Рамат-Ган қаласында екі адам қаза тапты. Бұл туралы "Маген Давид Адом" медициналық қызметі мәлім етті. Бұдан бөлек басқа елді мекендерде бірнеше адам жарақат алған.

Иран сәрсенбі күні таңертең Израильге кассеталық оқ-дәрілермен жабдықталған бірнеше зымыран ұшырғанын растады. Бұл – Израильдің көп деңгейлі әуе қорғаныс жүйелерін айналып өтуге бағытталған қаруды қолданудың кезекті мысалы.

Желіде тараған видеоларда кемінде бір зымыранның Израиль аспанында кассеталық оқ-дәріні шашқаны анық көрінеді. Иран Әли Лариджанидің өліміне жауап ретінде бірнеше оқтұмсығы бар Khorramshahr-4 және Qadr зымырандарын ұшырғанын мәлімдеді.

Иран Парсы шығанағы аймағындағы көршілерін де қайтадан атқылады. Сауд Арабиясы, Кувейт және Парсы шығанағының басқа араб мемлекеттері зымырандар мен дрондарды жойғанын хабарлады. Сәрсенбі күні БАӘ-де Иранның оқ-дәрісі Аустралия әскери базасының жанында құлады. Иракта сәрсенбі күні таңертең Бағдадтағы АҚШ елшілігіне соққы жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу