Лондонда өткен наразылық акциясына қатысушылардың бірі Иран елшілігінен туды алып тастаған. Осыған байланысты Иранның Сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания елшісі Хьюго Шортерді шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Риа Новости" агенттігіне сілтеме жасап.
"Лондонда Иран елшілігіне шабуыл жасалып, Иран Ислам Республикасының туы қорланғаннан кейін, сондай-ақ Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің Иранның ішкі істеріне араласу сипатындағы мәлімдемелеріне байланысты Тегерандағы Ұлыбританияның елшісі Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған наразылық білдірілді", – делінген хабарламада.
Оқиға орнынан түсірілген видеоларға сілтеме жасаған Sky News телеарнасының хабарлауынша, бір ер адам Лондонда Иран елшілігінің ғимаратына шығып, Иран туын алып тастаған. Сенбі күні Ұлыбритания астанасында Тегерандағы наразылықтарды қолдаған белсенділердің шеруі өтті.
Иранда наразылық акциялары 2025 жылдың желтоқсан айының соңында басталды. Бұған ұлттық валюта – риалдың күрт құнсыздануы себеп болды. Желіде Тегеран мен өзге де қалаларда өткен шерулердегі бейнежазбалар тарады.
8 қаңтардан бастап елде наразылық шерулері күшейе түсті. 1979 жылы биліктен кеткен Иран шахының ұлы Реза Пехлеви үндеу жасаған болатын. Сол күні Иранда интернет істеген жоқ. Иранның бірқатар қалаларында өткен наразылық акциялары қатысушылар мен полицияның қақтығысына ұласты.
Айта кету керек, бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Ирандағы жағдайға алаңдаушылық білдіргенін жазғанбыз.