Тегеранда Хамастың лидері өлтірілгеннен кейін Иран Израильге жауап қайтаратынын ескертіп отыр. Бұл кекте Тегеран ондаған жылдар бойы қаруландырған шииттік жасақтар өз рөлін ойнауы мүмкін.
Таяу Шығыстағы жағдай кең ауқымды соғысқа ұласады деген қауіп Иран астанасында палестиналық "Хамас" исламшыл тобының жетекшісі Исмаил Хания мен Бейрутте "Хезболланың" әскери қолбасшысы Фуад Шүкір өлтірілгеннен кейін күшейді.
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин мәлімдегендей, Пентагон Израиль мен америкалық контингентті қорғау үшін Таяу Шығыстағы әскери базаға жойғыш ұшақтар эскадрильясы мен "Авраам Линкольн" әскери кемесін жіберіп жатыр.
Иранның аймақтағы одақтас жасақтарды қаруландыруының қысқаша тарихы мен сол жасақтардың кез келген уақытта басталуы ықтимал әскери жанжалдарға килігу мүмкіндігінің қысқаша сипаты төмендегідей.
Иран Израильге шабуыл жасаса не болуы мүмкін?
Сәуір айында Израиль Иранның Сириядағы елшілігіне шабуыл жасағаннан кейін Иран Израильге қарай 170 бомба таситын ұшқышсыз ұшақ, 30-дан астам қанатты зымыран және 120-дай баллистикалық зымыран ұшырды.
Израиль, АҚШ және басқа да елдер сол снарядтардың түгелге жуығын атып түсірді.
Иран тағы да осыған ұқсас шабуыл жасай алады, бірақ бұл жолғы тайталасқа "Хезболла" аға қолбасшысы Фуад Шүкір өлтірілгендіктен, Израильден кек алу мақсатында араласуы мүмкін.
Мұндай жағдай Израильдің әуе қорғанысын қиындатып, зымырандық соққылардың көптігінен құрбандар пайда болып, аймақтағы ахуал мейлінше шиеленісіп, кеңірек аймақтық соғысқа ұласады деген қорқыныш бар.
Неліктен Иран одақтас күштерді қаруландырып келеді?
Иранның қарулы жасақтарды қаруландыру саясаты 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін басталды.
Оның алдында АҚШ Шах Мохаммад Реза Пехлеви үкіметіне F-14 Tomcat жойғыш ұшақтарымен бірге негізгі қару жүйелерін берді. Революциядан және АҚШ елшілігінде жүздеген адам кепілге алынғаннан кейін, бұл жөнелтілімдер мен қажетті техникалық қызмет көрсету бағдарламалары тоқтатылды. 1980 жылдары 8 жылға созылған Иран-Ирак соғысында сол арсеналдың көбі жойылды.
Иранға ядролық бағдарламасына байланысты жарияланған халықаралық санкциялар оның жаңа қару-жарақ алуына кедергі келтіріп отыр. Ал АҚШ-пен одақтас Израиль мен Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері қару-жарақ импортында шектелген жоқ.
Өзінің зымырандық бағдарламасын дамытып жатқанымен, Иран заманауи әрі күрделі қаруларға қол жеткізе алмай отыр.
Сондықтан ол Израиль мен Америка Құрама Штаттарына қысым көрсету жолында жасақшыларға сүйеніп отыр.
Иранның аймақтық одақтастары кімдер?
Иранның өзгелерді салмақты түрде қаруландыруы 1980 жылдары Ливандағы шиит күштерінің Израильге қарсы соғысынан басталды. Сол күштер "Хезболла" жасағына айналды.
Бұл қаруландыру 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кіріп, Тегеранның жауы Саддам Хусейнді құлатқаннан кейін тіпті күшейді.
Сонымен қатар, Иран Сирия президенті Башар Асадты еліндегі ұзақ жылдық соғыста қатты қолдады.
Бұған қоса, Иран өзін әлемдегі шиит мұсылмандарының қорғаушысы ретінде насихаттай отырып, мүмкіндік болған кезде, тіпті сүннит содырларын да қаруландырды.
Бұл әрекеттердің барлығын Таяу Шығыстағы ең қуатты қарулы ұйымдардың бірі – Иранның әскерилендірілген революциялық гвардиясы басқарады.
Иран "Қарсыласу осі" деп атаған жасақшыларға келесі топтар кіреді.
Ирак жасақшылары
Иран 2014 жылы Иракта "Ислам мемлекеті" тобымен күресу үшін бірқатар күштерді қолдады. "Халықты жұмылдыру күштері" деп аталатын бұл шииттік отрядтар зымырандармен, ұшқышсыз ұшақтармен және басқа да қару-жарақтармен қаруланған қуатты саяси фракцияға айналды.
Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының дерегінше, оның құрамына 180 000-ға жуық жауынгер кірген.
Конгресстің зерттеу қызметінің мәліметінше, Иранға арқа сүйеген топтар қазан мен ақпанның 4-і аралығында Ирактағы америкалық қызметкерлерге 60-тан аса шабуыл жасапты.
Ливандық "Хезболла"
"Хезболла" 1982 жылы Ливанның оңтүстігін Израильдің басып алуына қарсылық ретінде құрылған. Израиль "Хезболладан", әсіресе, оның иелігіндегі зымырандық арсенал мен Сирияда Асадты қолдау жолындағы шайқастарда әбден шыңдалған күштерінен сақ болуға тырысады.
Израильде "Темір күмбез" тәрізді мықты әуе қорғанысы жүйесі болса да, "Хезболла" мен басқа да топтардың жаппай ракеталық шабуылдары елді күйретеді деген қауіп бар. Кейбір зерттеулерге қарағанда, "Хезболла" 150 000 дана зымыран мен дәлдеп тиетін ракетаға ие.
Бұл топ бұрын жанкештілік жарылыстар үшін, соның ішінде 1983 жылы Бейрутте 241 америкалық әскери қызметкердің өмірін қиған теракт үшін айыпталды.
Дегенмен "Хезболла" ол қантөгіс үшін мойнына жауапкершілік алған жоқ. "Хезболлада", сонымен қатар, дрондар мен "жер-әуе" зымыран жүйелері де бар.
Израиль әскери барлаушыларының есебіне сәйкес, "Хезболла" 25 000-ға жуық жауынгерді сапқа тұрғызып, ондаған мыңын резервке қойған. Осы қозғалыс жетекшісі Хасан Насыралла 2021 жылы айтқандай, "Хезболлада" 100 000 дайындалған сарбаз бар.
Палестиналық қарулы топтар
Палестиналық "Хамас" пен "Ислам жиһады" сүнниттік қозғалыстар болғанымен, Ираннан қару-жарақ пен басқа да материалдар алып отыр. Қазанның 7-де содырлар 1200 адамды өлтіріп, 250-ін кепілге алғаннан кейін бұл топтарға Израиль қатты соққы берді.
Израильдің Газа секторындағы "Хамасқа" қарсы соғысы кем дегенде 39 580 палестиналықтың өмірін қиды, деп хабарлайды Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі.
Оның есебінде бейбіт тұрғындар мен жауынгерлер бірге көрсетіледі. Израиль әскері болса, Газадағы соғыста шамамен 15 000 содырды өлтіргенін мәлімдеп отыр.
Йемендегі хуситтер
Хуситтер Йемен астанасы Сананы 2014 жылы басып алды. Олар шииттік исламның Йеменде ғана кездесетін бір тармағы – зайди сенімін ұстанады.
Хуситтет көтерілісшілер ретінде қарастырылғанымен, бүгінде Иранның қолдауымен Қызыл теңіз дәлізінде коммерциялық кемелерді күрт тоқтатып, тіпті Израильге дрондармен және зымырандармен шабуыл жасайтын жағдайға жеткен. Ал АҚШ Әскери-теңіз күштерінің операциялары олардың кемелерге шабуылын толық тоқтата алмай отыр.
Иранның хуситтерге тікелей билік ететіндігі сарапшылар арасында пікірталасқа себепші. Хуситтер өз қатарына 200 мыңдай адам тартқанын айтады.
Алайда, Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, йемендік көтерілісшілер мен олардың одақтастарының құрамында 20 000-ға жуық жауынгер бар.