Иран, Ресей және Қазақстан арасындағы астық келісімі тығырыққа тірелді

2614

Ирандық ұн тартушылардың экспортқа шығару үшін өңдеуге ай сайын 180 мың тонна бидай жеткізуді ұйымдастыру жайлы көршілеріне айтқан ұсынысы қаржылық қолдау таппады.

Иран, Ресей және Қазақстан арасындағы астық келісімі тығырыққа тірелді

Келісім жоспарына сәйкес Ресей мен Қазақстан Иранға бидай жеткізу керек болатын, алайда оны қаржыландыруға қатысты ілгерлеу болмағандықтан тоқтап қалды. Бұл туралы Иранның азық-түлік индустриясы қауымдастығына сілтеме жасап Reuters хабарлады. Келіссөздер жарты жыл бұрын басталған.  Келісім бойынша Ресей мен Қазақстан ирандық ұн тартушыларға бидай жеткізуге тиіс, ал олар болса оны өңдеп, қазір негізінен түрік өндірушілері басымдыққа ие болып отырған Иракқа экспорттау керек болатын.

"Егер сіздер осындай келісімді іске асырғыларыңыз келсе, онда оны сіздер қаржыландыратын боласыздар  деп ирандық тарап өзінің шарттарын қойды. Әлі күнге дейін бұл процесте қандай да бір ілгерілеу жоқ", – деп мәлім етті Кавех Заргаран өткен аптада Мәскеуде өткен астық конференциясында.

Келісім аясында Ресей Ирандағы жекеменшік ұн тартушы кәсіпорындарға ай сайын шамамен 100 мың тонна бидай жеткізбек болған. Ал Иранда өздерінің бидайынан ұн экспорттауға рұқсат етпейді.

"Егер қаржыландыру болса, онда ирандық ұн тартушылардың көбісі мұндай кестені қолдануға қызығушылық танытар еді. Ал қазір тек Иракқа тұрақты түрде ұн экспорттайтындар ғана қызығушылық танытып отыр", –  деді Кавех Заргаран.

Иранның жеке ұн тартушы кәсіпорындары Ресей мен Қазақстаннан 180 мың тонна бидай жеткізуді сұраған, алайда осы уақытқа дейін тек 80 мың тоннасы ғана жеткізілген, деді ирандық өкіл.

Оның айтуынша, Иран келер жылға дейін өз сұранысын қамтамасыз ету үшін ел ішінде жеткілікті бидай жинай алған.

"Бір бидайды ұн экспорттау үшін ғана импорттаймыз. Бұл уақытша импорт. Нақты тұтынуға арнап бидай импорттау тоқтатылған болатын", – деді ол Reuters-ке берген мәліметінде.

Заргаранның ақпаратына сәйкес, Бразилия жақында Иранмен сауданы дамыту үшін 1,2 млрд доллар болатын несие желісін ұсынған. Иранға дәл осындай ұсынысты Ресей де жасауы мүмкін, себебі қаржыландыру әлемде кең таралған, деп санайды ол.

Иран валютасы биыл өз құнының үштен екісін жоғалтып алды. Өткен аптада бір доллар үшін 150 мың риалға жетіп, бұрын-соңды болмаған құлдырауды бастан кешірді. Иранның әлсіз экономикасында АҚШ тарапынан қарашада тағы бір мәрте енгізілу көзделген санкциялар әсер еткен жергілікті банктерге байланысты проблемалар бар.

Заргаран қараша айы туған соң Иран үшін банктік арналар ашық күйі қала ма деген сұраққа қатысты: "Біз көптеген елмен банктік қарым-қатынастарымызды одан әрі жалғастыру туралы келісім жасастық", – деп жауап берді.

"Аймақта біз секілді санкциялар қыспағында отырған Иран, Түркия, Ресей секілді жақсы достарымыз бар", – деп атап өтті ол.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу