Иран "сыйқырлы беспилотниктерін" берсе, Ресей жеңіске жетуі мүмкін

7573

Халықаралық сарапшылар Тегеран "саяси суицид" жасамайды деген сенімде.

Иран "сыйқырлы беспилотниктерін" берсе, Ресей жеңіске жетуі мүмкін

Бұл хикая 2011 жылы басталған еді. Сол жылғы 4 желтоқсанда ирандық әскерилер жергілікті радиоэлектронды күрес құрылғысының көмегімен ел үстінен ұшып бара жатқан аса құпия RQ-170 Sentinel ("Бақылаушы") атты америкалық пилотсыз ұшатын аппаратты (ПҰА) қолға түсіргенін мәлімдеді. Бастапқыда Америка бұл ақпаратты растамаған. Бірақ 12 желтоқсанда сол кездегі АҚШ Президенті Барак Обама үндеу жасап, Тегераннан шпиондық аппаратты қайтаруды өтінді. Алайда Тегеран оны Иран Ислам Республикасының меншігі деп жариялап, оралтудан бас тартты.

Оның орнына Иран ғалымдары мен мамандары құпияландырылған технологияларға лық толы ПҰА-ны шашып тастап, зерделеуге кірісті. Артынша Иранның соның негізінде төл беспилотниктерін жасап шыққаны жария болды. Нақтыласақ, барлаушы беспилотникке "Saegheh", ал шабуылдаушы аппаратқа "Shahed 129" деген атау берілді.

Ирандық ғалымдардың біліктілігіне сенбеген халықаралық сарапшылар RQ-170 Sentinel негізінде жасалған ирандық ПҰА-ны "ұшатын фанера" деп әжуалаған. Алайда кейінгі кезде ирандық әскерилер жүргізген сынақтар бұл соққы беруші аппараттың жоғарғы маневрлігін көрсетті. 2018 жылғы 10 ақпанда Израильдің әуе қорғанысы күштері ел аспанында заулаған ирандық беспилотникті біразға дейін не ұстай, не жоя алмай, әуреге түсті. Америкалық Patriot зымырандық батареясы жою үшін қанша талаптанса да, Saegheh тұтылмай, құтылып кете берді. Тек Apache әскери тікұшағын әуеге көтеріп, жақын жерден зымыран жаудырып, құлата алған. Айта кеткен жөн, мұндай жақын атыстан әлемде бірде бір беспилотник аман қала алмайды. Сонда Иран америкалық Lockheed Martin шығарған RQ-170 Sentinel-ді мейлінше сапалы көшіріп алғаны әшкере болды.

Еврей мемлекеті армиясының өкілі Джонатан Конрикустың мәлімдеуінше, ирандық ПҰА Сирия аумағынан ұшырылып, Израильдің әуе кеңістігіне рұқсатсыз баса-көктей кірген. Осы арқылы ирандық әскерилер қолдарынан не келетінін паш етсе керек. Егер Иран Израильдің стратегиялық нысандарына соққы бергісі келсе, беспилотник ол міндетті қалтқысыз орындай алатын еді. Бірақ Иран Батыстың жойқын жауабынан ығып, оған бармады.  

Израильдің ұлттық барлау қызметі – Моссадтың бұрынғы басшысы Дэнни Ятом (Danny Yatom) ирандық ПҰА-ны жоғары бағалады.

"Бұл біз үшін күрделі операция болды. Ирандық ПҰА АҚШ-тың көзге көрінбес дронының (невидимка) тура көшірмесі деуге келеді. Егер жарылып, толық жанып кеткенде, оны Иран шығарған беспилотник деп ойламаған болар едік", – деді ол.

АҚШ-тың Military Watch Magazine басылымы ирандық беспилотниктің қабілеттерін талдай келе, егер оны Ресей қолына түсірсе, бұл "Украина үшін өте жаман жаңалыққа айналады" деген қорытындыға келіп отыр.

Үш күн бұрын РФ Президенті Путин Тегеранға сапар жасағанда, Ираннан "Шахид" соққы беруші ПҰА-ларын өзіне сатуды сұраған деген бейресми ақпарат тарады. Сонымен бірге халықаралық агенттіктер ирандық әскерилер Сирияда ресейлік жауынгерлерді ирандық беспилотникті басқарып, оның көмегімен шабуылдауға үйретіп жатыр деген хабарды жариялады.

Military Watch Magazine сарапшылары Иран Ресейдің Украинадағы соғысын айыптамағанын алға тартады. Оның үстіне екі ел сонау кеңес заманынан бері әскери салада ынтымақтастықты жолға қойған. Одан бертінде, 2010 жылдардан бері екі елдің әскерилері Сирия аумағында көтерілісшілерге қарсы бірге соғысты. Мәскеу шииттердің тірегі саналатын Иранға Сирияның Башар Асад басқарған шииттік билігін сақтап қалуына көмектесті.

"АҚШ-тың сауда және санкциялық қысымынан ыққан Қытай Ресейге де, Украинаға да қару сатудан бой тартып, бейтараптығын сақтауға тырысты. Одан айырмашылығы, Солтүстік Корея сияқты қорғаныс секторы мықты Иран да Батыстың ықпалынан тыс қалды. Өйткені екеуі онсыз да санкция астында өмір сүруде. Ол енді Ресейдің әскери қуатын айтарлықтай арттыра алады. Мысалы, Иранның пилотсыз ұшатын аппараттары – ұрыс саласындағы сұрапыл әрі жетекші күш саналады. Ал Ресей әскерінің ең осал тұсы – майдан даласын әуеден барлау, бақылау және жойқын соққы беру. Иранның беспилотниктері Сирия мен Иракта кең ауқымды соғыс сынағынан өтіп, мыңдаған табысты ұшуларды жүзеге асырды. Ресей бағасы қымбат емес, бірақ кеңейтілген мүмкіндіктері бар ПҰА-ларға мұқтаж", – деген байлам жасады америкалық басылым сарапшылары.

Олардың айтуынша, радиоэлектронды күрес құрылғыларының көп көзіне түспей, тиімді барлау жүргізу жөнінен Иранның тәжерибесі өте зор, бұл жөнінен ол әлемде тек АҚШ пен Қытайды ғана алға жібереді. Егер Иран ұшқышсыз ұшақтарын Ресейге берсе, сонымен бірге ресейлік әскерилерге озық тәжірибесін табыстаса, онда бұл "Украинадағы соғыстың бетбұрысты кезеңіне айналмақ".

Әйткенмен ресейлік, сондай-ақ батыстық сарапшылар Иран ең озық ПҰА-ларын Ресейге бермейді деген болжам айтып отыр.

Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Иран халықаралық санкциялардан құтылғысы келеді. Сол үшін ядролық бағдарламасынан бас тартты. Ал егер Ресейді қуатты беспилотниктерімен қаруландырса, ең сорақысы – олар Украина қалаларын күйретуге, халқын қыруға кіріссе, Иран Батыстың өзіне қатысты санкцияларды жоюынан ешқашан үміттене алмайды. Екіншіден, Ресей мен Израиль арасындағы қарым-қатынас сақталып отыр. Ал Иран оны атажауы санайды.

Үшіншіден, Ресейге дрондарын сату ниеті жоқтығын ресми Тегеранның өзі жария етті және ресейлік әскерлерді даярлап жатқаны туралы хабарды жоққа шығарды.  

Иранның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Насер Канаани ирандық беспилотниктер ресейлік тарапқа сатылуы мүмкін деген АҚШ билігінің мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

"Иран және Ресей Украинадағы соғысқа дейін де заманауи технологиялар саласында ынтымақтасқан. Алайда осы салада соңғы уақытта ынтымақтастық дами қойған жоқ", – деп сендірді Н.Канаани.

Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Нед Прайс егер РФ-ға ұшқышсыз ұшақтарын ұсынуға келіссе, онда Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізілетінін қатаң ескертті. Сонымен бірге Кремль де Ираннан беспилотниктер алу мәселесі талқыланбағанын мәлім етті.

Қалай болғанда, бұл мәлімдемелердің шын-өтірігін тек майдан даласы ғана көрсетсе керек.

Жанат Ардақ

Фото: sm.news

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу