Тегеран маңында апатқа ұшыраған Украинаның халықаралық әуе жолдары (МАУ) компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы "адам қателігі" салдарынан абайсызда атылған.
"Бұл ұшақ адам қателігі нәтижесінде, әрі кездейсоқ атылып кетті", – дейді Иранның IRIB мемлекеттік телерадиосы таратқан хабарламада.
РИА Новости хабарлауынша, Иран Қарулы күштері Бас штабының мәлімдемесінде ұшақты атып түсіруге Boeing-тің маңызды әскери нысанға жақын маңда ұшқаны себеп дейді. Мәлімдемеде қайғылы оқиға Иранның Ирактағы АҚШ базаларына зымырандармен шабуыл жасағаны үшін АҚШ-тың жауап беруі мүмкін екеніне байланысты, "жоғары әскери даярлық кезінде" орын алғаны айтылады.
Өз кезегінде Иранның сыртқы істер министрі Жавад Зариф Twitter-де "АҚШ авантюризмі тудырған дағдарыс кезіндегі адам қателігі" апатқа әкелді деп жазды. Сонымен қатар ол ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, кешірім сұрады.
"Көңілсіз күн. Қарулы Күштердің ішкі тергеуінің алдын-ала қорытындылары: АҚШ авантюризмі салдарынан болған дағдарыс кезіндегі адам қателігі апатқа әкелді",– деп жазды Жавад Зариф твиттерде.
Иран Президенті Хасан Рухани апат зардабын жою үшін қажетті шараларды қабылдауға бұйрық берді. Сонымен қатар, ол Тегеран тергеуді ары қарай жалғастыратынын айтты.
"Өкінішке қарай, Қарулы Күштердің ішкі тергеуі адам қателігінен атылған ракеталар украин ұшағын жантүршігерлік апатқа және 176 жазықсыз адамның қазасына әкелді деген қорытындыға келді. Тергеулер осы қасіретті және кешірілмейтін қатені анықтады, қылмыстық қудалауды жалғастырамыз", – дейді Хасан Рухани Twitter-дегі хабарламасында.
Имам Хомейни атындағы әуежайдан ұшып шығып, апатқа ұшыраған Boeing 737-800 бортында болған 176 адамның барлығы қаза тапқан болатын. Құрбан болғандардың арасында 82 ирандық, 63 канадалық, 11 украиндық, 10 швециялық, төрт ауғанстандық, үш германиялық және үш британдық азамат болды.
CNN хабарлауынша, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Boeing 737-800 ұшағының құлағаны үшін Вашингтон Иранды "жауапты" деп санайтыны және "түпкілікті шешім қабылданған кезде" тиісті жауап қайтарылады, деп мәлімдеген.
Нұржан Көшкін