Иран еліне соғыс қаупі төнсе де, өзінің ядролық бағдарламасын тоқтатпайды. Бұл туралы Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
"Біз уранды байыту ісінде табандылық танытып, соғыс таңылса да неге одан бас тартпаймыз? Себебі ешкім де бізге не істеу керектігін айтуға құқылы емес", – деді Аббас Арагчи Тегеранда өткен форумда.
Оның пікірінше, Иран өзінің бейбіт атом бағдарламасы мен уран байытқаны үшін үлкен шығынға ұшырады. Иран билігі АҚШ әскери кемелерінің аймаққа жіберілуінен де қаймықпай отыр.
"Біз – дипломатияны ұстанатын халықпыз, бірақ соғысқа да дайын халықпыз. Алайда бұл біз соғысқа сұранып отырмыз деген сөз емес", – деді Аббас Арагчи.
Министр АҚШ-тың Иран мұнай экспортына қарсы жаңа санкциялар енгізгенін алға тартты. Сол себепті ол Вашингтонның дипломатиялық әрекетінің шынайылығына күмәнмен қарап отыр. Оның айтуынша, енді Иран барлығын жіті бағалау арқылы келіссөздердің болашағына қатысты шешім қабылдайды.
Жұма күні АҚШ пен Иран Оманда ирандық ядролық бағдарлама жөнінде жанама келіссөздер өткізген болатын. Бұл келіссөздер АҚШ-тың соққы беру қаупі аясында өткен. Келіссөздерден кейінгі екінші күні АҚШ делегациясының өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Парсы шығанағына бағытталған USS Abraham Lincoln атты әуе тасығыш кемесіне барды.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл кемені Иранға қысым көрсету мақсатында аймаққа жіберген еді. Уиткофф әлеуметтік желіде жазған жазбасында әуе тасығыш кеме мен оған ілеспе кемелердің АҚШ қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді.