Президент Масуд Пезешкианның мәлімдеуінше, жақын күндері жауын-шашын болмаса, елде су тұтыну нормасы енгізіліп, жағдай ушыға түссе, астананы эвакуациялау қажеттілігі туындауы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты
Тегеранның негізгі су көзі саналатын Амир-Кабир су қоймасында небәрі 14 миллион текше метр су ғана қалған. Бұл – қойманың жалпы сыйымдылығының 8 пайызынан аз. Сарапшылардың айтуынша, мұндай көлем қалаға екі аптадан артық жетпейді.
10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис тәулігіне шамамен 3 миллион текше метр су тұтынады. Соңғы күндері қаладағы кейбір аудандарда су беру уақытша тоқтатылған. Бұған дейін де жаз айларында ұқсас қиындықтар тіркелген болатын.
Таяу Шығыс және жаһандық тәртіпті зерттеу орталығының (CMEG) есебінде Ирандағы су дағдарысы тек су қоймаларына ғана емес, құрғап жатқан батпақтар мен сарқылып бара жатқан жерасты көздеріне де әсер етіп отырғаны айтылады.
Сарапшылардың пікірінше, билік инфрақұрылымды жаңартуға және су үнемдеу жүйесін енгізуге нақты шаралар қабылдамай отыр, сондықтан жағдай одан әрі күрделенуі ықтимал.
Елдегі экологиялық қиындықтар бұған дейін де жаппай наразылықтар мен әлеуметтік толқуларға себеп болған. Сарапшылар қазіргі су тапшылығының саяси салдары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Бұған дейін Иран Президенті Масуд Пезешкиан ел астанасындағы су қорының азаюы алаңдатарлық деңгейге жеткенін айтып, мәселені ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан шешу қажет екенін мәлімдеген.