Шілдеде Иранмен арадағы қақтығыс ушығып, екі аптаға жуық уақыт бойы шабуыл жалғасқаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамптың рейтингі тағы да төмендеді. RealClearPolitics саралаған бірнеше сауалнаманың ортақ көрсеткішіне сәйкес, америкалықтардың 38,9 пайызы ғана Трамптың президент ретіндегі қызметін қолдайды. Тағы 58,5 пайызы оның жұмысына көңілі толмайтынын білдірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сауалнама нәтижелері Иранмен қақтығыс күшейген сайын Трамптың рейтингі де төмендеп келе жатқанын көрсетіп отыр. АҚШ тұрғындарының 33 пайызы ғана Иранға қарсы соғысты қолдайтынын білдірген. Трамп әкімшілігінің әскери қақтығысты тоқтатып, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруге бағытталған әрекеттері де сынға ұшырап отыр.
Соғыс салдарынан жанармай бағасы бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 38 пайызға өскен. MAGA ("Make America Great Again") қозғалысын жақтаушылардың әр бесіншісі соғыстың тезірек аяқталғанын қалайды.
БАҚ-тың жазуынша, Трамптың рейтингінің төмендеуі алдағы уақытта оның саяси ықпалын әлсіретуі мүмкін. Бұл Республикалық партияның көрсеткіштеріне де әсер етіп отыр. Сауалнамға сәйкес, демократиялық партияны сайлаушылардың 48,3 пайызы қолдаса, республикалық партияға 41,1 пайызы дауыс беруге дайын. Егер бұл үрдіс сақталса, демократтар Конгресстің Өкілдер палатасы мен Сенатында басымдыққа ие болуы мүмкін.