Бүгінгі шарада мемлекет басшылары жыл басындағы көрсеткішке жету үшін ынтымақтастықты одан әрі шыңдау керектігін айтқанына қарағанда, екі елдің арасында айналған қаржының жалпы құны 1 млрд долларға жетпей қалған секілді.
Бүгін Иран Ислам Республикасының президенті Астанаға мемлекеттік сапармен келіп, Ақордада кеңейтілген және шағын құраммен бірқатар жиын өткізілді. Екі ел басшыларының бұл жолғы кездесуі қос мемлекеттің 25 жылдан бері қалыптасқан сауда-экономикалық қатынасына тың серпін берді.
Санкция алынғаннан кейін Иранның екінші тынысы ашылды
Биыл жыл басына дейін созылған батыс елдерінің Иранға салған санкциясынан бұл елдің экономикасы шатқаяқтап қалғаны рас. Соның ішінде өзіміз секілді шикізат сатып күн көріп отырған парсылар үшін мұнайы әлемдік нарықта саудаланбай қалды. Санкцияның кесірінен Иран экономикасы үлкен зардап шегіп, мұнай секторы 34%-ға дейін құлдыраса, өнеркәсіп секторының 10%-ға жуығы тұралап қалған. Тиісінше, бұл жалпы ішкі өнімнің де кері кетуіне түрткі болды.
Жалпы, батыстың бұл елден теріс айналуының тарихы тереңде жатыр. 2002 жылдары Ирандағы ядролық өнеркәсіптің қарқынды дамуынан сескенген Еуропа елдері бұл елмен "алыстан сыйласу" керек екен дескен. 2005 жылы Махмуд Ахмадинежадтың билікке келгенінен кейін Еуроодақ Ираннан ядролық отынды шектен тыс өндіріп, оны қару жасауға қолданбау туралы уәдесін алып, арада келісімшарт құрылған.
Дегенмен, 2012 жылға қарай сенімге селкеу түсіп, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия мен Қытайға қосылған Ресей бірнеше мәрте Иранды ядролық отыннан бас тартуға шақырды. Осы келіссөздердің екінші раундының Алматыда өткізілгені де белгілі. Дәл сол кездегі келіссөздер кейінгі санкцияның алынып тасталуына бастау болғанын айтып отыр бүгін Астанаға келген Рухани.
Иранның ядролық отын өндірісінің тек қана бейбіт мақсатта қолға алынып отырғанын алға тартып, бағдарламадан бас тартпайтын бірбеткейлігіне төтеп бере алмаған батыс елдері 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылдар бойы созылып келе жатқан санкцияны алып тастаған.
Сарапшылардың пікірінше, Ресейге салынған санкцияның күшейтілуі Иранға осындай оң нәтиже алып келген. Өйткені Еуразия кеңістігінің бай шикізат әлеуетіне мұқтаж Еуропа елдері қалай болғанда да өздерінің ішкі сұраныстарын жабуға мүдделі.
Жыл басындағы жоспар жыл біткенде тағы айтылды
Бүгін Ақордадағы кездесу барысында сөз алған Елбасы Қазақ-Иран қатынасының қай кезде де оң бағытта дамығанын алға тартты. Батыс елдері теріс айналған кезде де Қазақстан мен Иранның өзара ынтымақтастығы бұрынғыдай қала берген. Ал биылдан бастап сыртқы саудаға ерекше басымдылық бере бастаған парсы елі Қазақстанмен арадағы тауар айналымын еселеп арттыруға мүдделі болып отыр.
Қос елдің сауда-экономикалық қатынасының негізгі бағыттары – көлік-логистика, тау-кен және ауыл шаруашылығы саласы.
Шарада Елбасы парсы әріптесіне Иран компанияларының Қазақстанның шикізат қорын зерттеп, қазба байлықтарды бірлесіп игеруге шақырып, ауыл шаруашылығында да қос елдің кәсіпкерлері тізе қосып еңбек еткенінің абзал екенін айтты.
Осы орайда, заманауи жаңа жібек жолының бір тармағы ретінде Иран Қазақстанның көлік-логистика саласына жаңа мүмкіндік. Қытай мен Еуропа нарығындағы тауарларды Қазақстан Түркменстан арқылы өтетін жаңа темір жолмен парсы шығанағына алып шығуға зор мүмкіндік бар.
Естеріңізде болса, жыл басында, 17 қаңтар күні сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осы елге барып, қос елдің арасындағы тасымал әлеуетін арттыру туралы құжатқа қол қойған еді. Бұл тарихи құжат Иранның батыс санкциясынан арылғанынан кейінгі шетелмен жасасқан алғашқы келісімшарты болатын. Сол кезде қос мемлекет өкілі жыл соңына дейін арадағы тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге уағдаласқан еді.
Қазіргі таңда бұл көрсеткішті бағындыра алдық па, жоқ па, ол туралы құзіретті органдардың ресми мәлімдемесі жоқ. Дегенмен, бүгінгі шарада мемлекет басшылары осы көрсеткішке жету үшін ынтымақтастықты одан әрі шыңдау керектігін айтқанына қарағанда, екі ел арасында айналған қаржының жалпы құны 1 млрд долларға жетпей қалған секілді.
Халықаралық аренада Қазақ-Иран қатынасы
Мемлекет басшыларының кездесуінде Қазақстан мен Иранның халықаралық аренадағы бастамалары да сөз болды.
"Исламофобияның таралуы, дінімізді терроризммен және джихадизммен байланыстыру сияқты қатерлермен күрес жолында бірлесуге уағдаластық. Екі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азия Кеңесі, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы саяси ықпалдастығын нығайтуға келістік", – деді Мемлекет басшысы кездесуден кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.
Естеріңізде болса, Сирия мәселесіне қатысты Иран, Ресей, Қытай елдерінің үшжақты келісімі 20 желтоқсан күні Мәскеуде өткен еді. Осы шара ұйымдастырылмас бұрын Ердоған мен Путин бұл келіссөзді Астанада өткізу керектігін айтқан. Ал Иран президенті Астанаға ашық түрде қарсылық көрсетпесе де, шараның Мәскеуде өткізілгені дұрыс екенін айтқан еді. Руханидың Сирия мәселесінде Астанаға сенбеуі ме, әлде Мәскеуде өткізуде өзіндік мүддесі болды ма, ол жағы бізге белгісіз қалып отыр.