АҚШ президенті Дональд Трамп Израильмен бірге Иранға қарсы жүріп жатқан соғыс аяқталуға жақын қалды деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Fox News тілшісіне берген сұхбатында айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Сұхбаттың эфирге шығатын үзіндісі телеарнаның сайтында пайда болды.
Журналистер "Иранмен соғыс аяқталды ма?"деген сұрақ қойды.
"Менің бұл соғысқа араласуыма тура келді. Егер мен мұны істемесем, дәл қазір ядролық қаруы бар Иранды көрер едік", – деді Ақ үй басшысы.
Трамп соғыс аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер АҚШ өз әскерін дәл қазір әкетсе, Иранға қалпына келу үшін 20 жыл қажет болар еді.
"Біз әлі аяқтаған жоқпыз. Не болатыны алда белгілі болады", – деп атап өтті ол.
АҚШ президенті Тегеранның келісім жасауға ниет танытып отырғанын жеткізді.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Дональд Трамп бірнеше рет АҚШ-тың жеңісі туралы мәлімдеген. Ақ үй басшысы шынайы ахуалды негізге алмаған.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 14 сәуір күні Джорджия штатында өткен іс-шарада сөйлеп, Трамптың Иранмен ірі келісім жасағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, егер Ислам Республикасы ядролық қару шығармау міндеттемесін алса, Дональд Трамп елдің гүлденуіне мүмкіндік беруге уәде етіп отыр.