АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери әрекеттерді 2027 жылдың қаңтар айының соңына дейін қаржыландыруға қаражат жеткілікті екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар Трамп 2027 жылдың қаңтар айының басында АҚШ Конгресіндегі бақылау Демократиялық партияға өткен жағдайда Иранға қарсы әскери әрекеттерді жалғастыру мүмкіндігі шектелуі мүмкін екенін мойындады.
Ақ үй басшысының айтуынша, АҚШ Иранмен текетіресте жеңіске жетіп келеді. Алайда ол демократтар қақтығысты мерзімінен бұрын тоқтатуға қол жеткізіп, соғыстың нәтижесін өзгертуі мүмкін деп қауіптенеді.
– Егер демократтар бұған қол жеткізсе, олар АҚШ-тың жеңісін жеңіліске айналдырады, – деді Трамп.
Ал, АҚШ Өкілдер палатасындағы демократтардың жетекшісі Хаким Джеффрис Иранға қарсы соғысты тоқтату жаңа Конгрестің міндеті екенін мәлімдеді.
Демократиялық партия жетекшісі Хаким Джеффрис CBS News телеарнасына берген сұхбатында Иранға қарсы басталған ақылға қонымсыз әрі шығыны көп соғысты тоқтату жаңа Конгрестің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
Оның пікірінше, бұл соғыс бензин, азық-түлік және дизель отыны бағасының күрт өсуіне соқтырды.
Джеффрис сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген баж салықтары қарапайым азаматтардың күнкөріс шығындарын жылына мыңдаған долларға арттырғанын баса айтты.
"Рейтер" агентігінің мәліметінше, АҚШ Иранмен соғысқа 47 млрд доллардан аса қаржы жұмсаған. Агенттік Пентагоннан алған құжатқа сілтеме жасап хабарлады.
Штаттар мен Израиль Ислам Республикасына ақпан айының соңында соққы беруге кірісіп, әскери науқанды тез аяқтауға үміттенді. Алайда, арада 10 ай өтсе де, оған әлі нүкте қойылған жоқ.