Иранмен соғыстың қайта өршуі екіталай – Трамп

379

АҚШ-тың Иранмен қайта соғысу ықтималдығы өте төмен.

Иранмен соғыстың қайта өршуі екіталай – Трамп Фото: REUTERS/Kevin Lamarque

Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп CNN телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап. 

Оның сөзінше, бұл Тегеранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты келіссөздерде оң нәтиже болған жағдайда ғана мүмкін болады.

"Бәрі де олардың келісімге қол қоятынына байланысты. Ол мемлекет қазірдің өзінде күйреп жатыр. Егер қажеттілік туындаса, бұл қадамға барамын, бірақ біз оларға бұған дейін де ауыр соққы бергенбіз. Оларға жасаған шабуылдың қаншалықты жойқын болғанын тіпті елестете де алмайсыздар", – деді Ақ үй басшысы.

Жексенбі күні Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-пен бейбіт келіссөз жүргізіп жатқан делдалдардың Конгреске аралық сайлаудан кейін барлық сапарын тоқтатқанын айтты. Оның сөзінше, сайлау нәтижесі тараптардың бәрін таң қалдырған.

"Енді біз оларға бұл нәтижелерді саралап, әрі қарай қалай әрекет ететінімізді айқындау үшін қанша уақыт қажет болатынын түсінуіміз керек", – деді министр мемлекеттік телеарна эфирінде.

Аймақтағы елдер, әсіресе Қатар мен Пәкістан, ақпанда басталған қақтығысты тоқтату үшін бірнеше ай бойы күш салғанымен, бұл әрекеттерден әлі де еш нәтиже шықпай тұр. Қазір белсенді ұрыс қимылдары тоқтағанымен, Иран Ормуз бұғазын бұғаттау әрекеттерін жалғастырып келеді. Бұл ретте АҚШ әскери-теңіз күштері бұған жауап ретінде Иран порттарын блокадаға алды.

"Америкалық сайлаушылар өз таңдауын жасады. Енді Ақ үй де шешім қабылдауы тиіс", – деп жазды Арагчи X әлеуметтік желісінде. 

Осылайша Иранның сыртқы істер министрі Вашингтонды Тегеранның бұрын қойған талаптарын орындауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу