Иранның уақытша жоғарғы көсемі тағайындалды

197

Бұл қызметті 67 жастағы діни қайраткер атқаратын болады. 

Иранның уақытша жоғарғы көсемі тағайындалды Фото: DW

Аятолла Әлиреза Арафи Иран Ислам Республикасының жаңа жоғарғы жетекшісі сайланғанға дейін елді уақытша басқаратын жетекші кеңестің құрамына кірді. Бұл туралы елдің саяси мақсаттылықты анықтау жөніндегі кеңестің ресми өкілі Мохсен Дехнави мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.

"Конституцияның 111-бабына сәйкес, Конституция сақшылары кеңесінің бір заңгері уақытша жетекші кеңестің құрамында болуы тиіс. Осы талапқа сай, Саяси мақсаттылықты анықтау жөніндегі кеңес ел басқаруының үздіксіз жалғасуын қамтамасыз ету және Сарапшылар кеңесінің тұрақты көшбасшыны мейлінше тезірек сайлау үшін аятолла Әлиреза Арафиді осы кеңестің мүшесі етіп бекітті", – деп жазды Мохсен Дехнави X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

67 жастағы Арафи – ықпалды шииттік діни қайраткер. Ол қаза тапқан аятолла Әли Хаменейдің сенімді серігі болған. Сонымен қатар Арафи Қамқоршылар кеңесінің, Иранның жоғарғы көсемін сайлайтын сарапшылар кеңесінің мүшесі.

Анадолы агенттігінің жазуынша, жоғарғы көсем қайтыс болған жағдайда елді уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарады. Оның құрамына президент, сот билігінің басшысы және қамқоршылар кеңесінің бір мүшесі кіреді. Осылайша елдің жаңа көшбасшысы сайланғанға дейін президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голямхоссейн Мохсени Эджейи және аятолла Арафи елдің жоғарғы жетекшінің міндетін бірлесіп атқарады.

Айта кету керек, бұған дейін Трамп америкалық әскери күштердің 9 ирандық әскери кемені суға батырғанын жазған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу