РФ-те Үкімет төрағасы Михаил Мишустин бекіткен "2042 жылға дейінгі кезеңге арналған бюджеттік болжамы" атты стратегиялық құжат күшіне енді.
Бұл жаңа әрі ұзақмерзімді болжамды енді барлық мембағдарламалардың орындаушылары мен өңірлік билік органдары өздерінің ұзақмерзімді бюджеттік болжамдарын жасау кезінде басшылыққа алуға міндеттелді. Алайда осы болжамға №3 және №5 қосымшалар "өте құпия–совершенно секретно" грифімен жабылыпты, бұл жайт көрші елге төнген қаржылық қауіп-қатердің шынайы ауқымын бағамдауға мүмкіндік бермейді.
Бюджеттік болжам РФ Экономикалық даму министрлігі әзірлеген ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық дамудың екі сценарийіне құрылған, бұлар – базалық және консервативтік. Базалық сценарий бойынша көршінің кірістері 2026 жылдан бастап жылына орта есеппен небәрі 2,1%-дап өседі. Шығыстары керісінше, алапат қарқынмен артады және 2042 жылға қарай 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2 еседен астам өсіп кетеді, деп хабарлады "Ведомости" басылымы.
2025 жылғы 20 қарашада Мемдума биылға арналған федералдық бюджетті қабылдады. Заңға сәйкес, 2026 жылы РФ-тің болжамды ЖІӨ-сінің көлемі 235,067 трлн рубльді құрауға тиіс. Федбюджет кірістері 40,28 трлн, шығыстары – 44,07 трлн рубль болады деп жоспарланған.
Биыл да тапшылық өршиді. Тепе-теңдік көрші үшін өткеннің еншісінде қалды. Ол аз болса, 2042 жылы федералдық бюджеттің шығыстары 125,8 трлн (!) рубльден асып түседі деп ресми болжанып отыр. Осылайша, ресейлік бюджеттегі ақша тапшылығының көлемі 2027 жылмен салыстырғанда шамамен жеті есеге өсуі ықтимал.
Алайда сарапшыларды одан да қатты алаңдататыны – ел мойнына артылған қарыз жүктемесінің көз ілеспес жылдамдықпен, еселеп ұлғаюы. 2025 жылдың қорытындысында Ресейдің мемлекеттік борышы 38,5 трлн рубльді құраған. Үкімет бекіткен жаңа болжамға сәйкес, 2042 жылға қарай ол фантастикалық межеден – 450 триллион рубльден асады.
Бұл ретте бүгінде АҚШ-тың: "Ресей империясының 225 млрд доллар қарызын өте!" деп талап етіп жатқаны құжатта есепке алынбапты.
Консервативтік сценарий бойынша РФ мемлекеттік борышының болжамды көлемі:
• 2027 жылы – 50 трлн 562 млрд,
• 2028 жылы – 57 трлн 715 млрд,
• 2029 жылы – 66 трлн 292 млрд,
• 2030 жылы – 75 трлн 798 млрд,
• 2031 жылы – 86 трлн 894 млрд,
• 2032 жылы – 100 трлн 125 млрд,
• 2033 жылы – 115 трлн 725 млрд,
• 2034 жылы – 134 трлн 153 млрд,
• 2035 жылы – 155 трлн 706 млрд,
• 2036 жылы – 181 трлн 150 млрд,
• 2037 жылы – 210 трлн 582 млрд,
• 2038 жылы – 245 трлн 52 млрд,
• 2039 жылы – 285 трлн 187 млрд,
• 2040 жылы – 332 трлн 755 млрд,
• 2041 жылы – 388 трлн 267 млрд,
• 2042 жылы – 452 трлн 903 млрд рубль.
Ресейлік экономист-ғалым, профессор Игорь Липсиц Ресей қазірдің өзінде орасан зор тапшылықтың зілбатпан ауыр жүктемесінің астында өмір сүріп жатқанына назар аудартты: федералдық шығыстардың шамамен алтыдан бірі нақты табыстармен қамтамасыз етілмеген. Көрші елде әрбір алты рубльдің біреуі – елес, қиялдан шығарылған.
"2025 жылы федералдық бюджеттің шығыстары 42,9 трлн рублді, ал тапшылық 7,3 трлн рубльді құрады. Демек, бюджет қаржысының шамамен алтыдан бірі нақты ақшамен қамтамасыз етілмеген. Бұл – қорқынышты сан. Ең бір қиыны – онысы қорқынышты түстей өтпейді, ұзаққа, ең кемі 2042 жылға дейін созылады. Бұл менің ойдан шығарғаным емес, РФ үкіметінің 2042 жылға дейінгі ресми болжамы. Алдағы кемінде 17 жыл бойы Ресейде ақша ештеңеге жетпейді. Биліктің қолданар жалғыз құралы – мемқарызды одан әрі ұлғайту. Нәтижесінде осы "жарқын кезеңнің" соңында, 2042 жылы Ресейдің мемлекеттік борышы АҚШ-тың алапат борышынан да асып түседі: ЖІӨ-ге шаққандағы РФ мемлекеттік борышы оптимистік сценарийдің өзінде 100%-дан асады, ал, консервативтік нұсқада РФ ЖІӨ-сінен (235,067 трлн рубль) екі есе көп болады", – деді Игорь Липсиц.
Экономистің пікірінше, тағы бір проблема – Ресейдегі инфляция деңгейі Еуропа мен АҚШ-қа қарағанда әлдеқайда жоғары. Демек, ішкі немесе сыртқы нарықтан қарыз алу үшін жоғары пайыздық сыйақы ұсынуға тура келеді.
Мысалы, АҚШ жылына 4%-бен қарыз алады, Ресей 15% және одан да жоғары мөлшерлемемен алуға мәжбүр. Қазірдің өзінде РФ-тің ағымдағы қарызын өтеуге кететін шығындары 3 трлн рубльден асты, бұл көршінің денсаулық сақтау және білім беру салаларына жұмсайтын жиынтық шығыстарынан да көп!
Липсицтің байламынша, түрлі салықты ары қарай көтеру арқылы бұл қарыз құрдымынан шығу мүмкін емес. Болашақ бюджетінің едәуір бөлігі тек пайызын төлеуге және қарыздың өзін өтеуге жұмсалады.
"Жапония мен АҚШ-та да мемлекеттік қарыз орасан, ЖІӨ-сінен асып түседі. Бірақ олардан айырмашылығы, Ресейге қарыз өте қымбатқа түседі. Оны өтеу үшін орасан зор қаражат керек. Америкалықтар 4%-бен, жапондар одан да төмен мөлшерлемемен қарыз тартады, Ресей 14–15% сыйақы бермесе, ешкім қызықпайды. Соның салдарынан бүгінгі РФ бюджетінің 60–70%-ына жететін көлемдегі қаржы болашақта қарызға қызмет көрсетуге бағытталатын болады. Осылайша Ресей қарыз тұзағына басын өзі сұғып отыр. ҚҚС пен басқа да салықтарды көтеру арқылы мұнша тапшылықты жабу мүмкін емес. Бұл енді, былайша айтқанда, мәңгілікке! Ел өмірін жақсартуға жұмсалуға тиіс қаржы түпсіз құдықтай мемлекеттік қарызды өтеуге шығындалады. Мен шок болып, шошып отырмын", – деп түйді Липсиц.
Күшінде қалған халықаралық санкциялар алдағы жылдары да картинаға өз штрихын қосады: Ресей іс жүзінде ұзақ мерзімге сыртқы капитал нарықтарына қол жеткізу құқығынан айырылды, бірде бір заем беруші Мәскеуге сенбейді. Тіпті "мәңгілік дос" Қытай да Ресейге юаньде қарыз беруден бас тартты.
Ендеше РФ алапат бюджеттік тапшылықтан тағы қалай шыға алады? Ресейлік экономист Игорь Липсицтің пікірінше, Ресей Банкі ақша басу станогын қосып, экономикаға ештеңемен қамтамасыз етілмеген бос ақшаны төгеді. Мұндай жолдан тарихта көптеген ел, соның ішінде тоқсаныншы жылдары Ресей де өткен. Оның салдарынан Ресейде гиперинфляция және девальвация басталуы мүмкін.
Мысалы, 1997 жылы РФ-та 1 доллардың бағамы 5 600 рубльден асып кетті. Салдарынан көрші 1998 жылғы 1 қаңтарда деноминация жүргізіп, банкноттарынан көптеген "нөлді" алып тастады. Бұл жағдай қайталануы ықтимал ма? Өткенді аңсаған Ресей мұны да қайталауы ғажап емес.