Ірі бизнес тоқырап, ШОБ қарқын алды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3080

Ақша бар, алайда оны жұмсайтын ірі жоба жоқ.

Ірі бизнес тоқырап, ШОБ қарқын алды

"2018 жылғы 4-тоқсанда корпоративтік несиелеу талаптары айтарлықтай өзгермегенімен, кредитке қабілетті қарыз алушылар үшін кей талаптар жақсарды. Оның себебі тәуекелді қадағалау тетігінің енгізілуі. Осы арқылы қарыз алушылар үшін бәсекелестік қатаңдады", деп хабарлайды Ұлттық банк.

Іс жүзінде барлық корпоративтік банктер ішкі нормативтік құжаттарды, кепіл саясаттарын, кредиттік шешімдер қабылдау процестерін қайта қарады, байланысты тұлғалардың тізімін және байланыстылықтың түсіндірілуін кеңейтті.

Сектор бойынша кредиттердің орташа мөлшерлемелері өзгермеді. Жекелеген банктер үшін кредиттік рейтингтердің төмендеуі қорландыру құнын арттырды және кредиттері бойынша мөлшерлемелердің өсуіне ықпал етті.

Екі тоқсан қатарынан ірі кәсіпкерлер тарапынан кредитке сұраныс төмендеуде. Тоқсан ішінде жалпы өтініштер саны 9%-ға кеміп, 417-дан 380-ға төмендеді. Ірі банктердің пікірінше, сұраныстың азаюына "нарықтың толып" қалуы және жаңа жобалардың жоқтығы себеп болған. Сонымен қатар, 2019 жылы экономиканың басым салаларын кредиттеуге 600 млрд теңге бөлінеді деген жаңалық компаниялардың ірі кредитті алуды кейінге қалдырып отырған болуы да мүмкін.

Ал шағын және орта бизнеске тоқталар болсақ, бас банктің мәліметінше, несиеге сұраныс айналым қаражатына қажеттіліктің өсуімен бірге өсіп келе жатыр. 2019 жылы банктердің көпшілігі мемлекеттік қолдаудың күшеюін күтіп, ШОБ портфелін ұлғайтуды жоспарлап отырғаны да жасырын емес. Банктер 2019 жылғы 1-тоқсанда сұраныс бұрынғы деңгейде қалады деп күтуде.

Өз кезегінде жеке тұлғаларды кредиттеу жағы да өсіп келе жатқаны анық. Жалпы, бұл сектордың ішінде бөлшек кредиттеуде автокредиттен басқа қарыздың барлық түрлері бойынша талаптар жеңілдеген.

2018 жылғы 4-тоқсанда бірнеше ірі банктердің "7-20-25" және Баспана-Хит бағдарламаларына қосылуы ипотека талаптарының жеңілдеуіне, атап айтқанда төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптардың жеңілдеуіне, рұқсат ету мерзімінің ұлғаюына және комиссиялардың төмендеуіне себеп болды. Осының аясында бағдарламаларға қатысушы банктер ипотекаға сұраныстың өскенін айтады.

Комиссиялардың төмендеуіне және ұзақ мерзімді пайдаланылатын тауарларға сұраныстың маусымдық өсуіне қарамастан кепілдікпен берілетін кредитке сұраныс азайған. Оның себебін банктер кепілдіксіз берілетін кредиттің көбейгенімен түсіндіреді.

Сонымен қатар, соңғы тоқсанда автокредитке де сұраныс өскені байқалады. Алдағы уақытта банктер автокредитке сұраныстың әлі де өсе түсетінін болжап отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу