Ірі құрылыс компаниясының жарнамасы елді ренжітті

1563

Салтанатын паш етуде байлардың абай болғаны жөн. 

Ірі құрылыс компаниясының жарнамасы елді ренжітті

Қазір еліміздің мегаполистерінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендері көп. Пандемия мен дағдарыс кесірінен халықтың тұрмысы нашарлаған кезде оларды өткізу де оңай емес. Сондықтан пиаршылар әртүрлі тәсілдерге жүгініп, клиенттердің көңілін аударуға, іңкәрлігін туғызуға тырысатын болса керек.

Еліміздегі белгілі құрылыс холдингінің оғаш жарнамасы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Оған Фейсбуктегі "Астана – Что? Где? Когда?" тобы бүгін түнде назар аудартты. Рас, жарнама бұған дейін біраз уақыт бойы интернетте тұрған. Тек жұрт ондағы мәтін мазмұнынан мән бермегенге ұқсайды.

Сонымен онда не айтылған?

"Премиум-комплекс апартаментов премиум класса "(тұрғын үй кешенінің атауы)" – эксклюзивный проект, резиденция для избранных, в буквальном смысле этого слова. Уникальное расположение – в сердце г.Нур-Султан на стыке двух "миров" – между правым и левым берегом р.Есиль, вдоль ул. Амман. Идеальная транспортная и пешая доступность. Жизнь в "(тұрғын үй кешенінің атауы)" – привилегия, возможность стать частью уникального сообщества избранных, где нет "случайной" публики, место для "своих". Это прерогатива особого класса. Special. Private. Yours."

Біз қосымша жарнама жасамау үшін ТК атауын әдейі атамай отырмыз. Бұл ретте қазақстандықтардың қарсылығын туғызған сөздер қара түспен бөлінді.

"Бұл жарнама әлеуметтік араздық тудыруға тартпайды ма деп тұспалдап отырмын. Бойларыңызда тағы қанша "комплекс" бар, мырзалар? "Премиум-комплекс апартаментов премиум класса" деген не сөз?! Ақсүйек бай-бағландар, паңданудан шаршамайсыздар ма?", – деп жазды өз парақшасында "Studio TEK" директоры Ербол Жұмағұл.

Бұл пікір елордалық танымал топта көшіріліп басылғанда, әлеуметтік желі пайдаланушылар жіті танысып, жақ-жақ болып айтыса бастады.

Компанияны қолдаушылар да табылды: "Ондағы апартаменттер ыстық бәліштей сатылуда. Демек, жарнама жұмыс істейді" (Бауыржан), "Үнсіз күндесеңдерші!" (Ирина) дейді олар.

"Жарымжан, қырсыз маркетологтар. Сочидегі Олимпиада ойындарының слоганының (Yours) идеясын ұрлап алғанын қарашы", – дейді Айнұр.

"Қазақстандық маркетинг "сарғайып" барады. Дамыған түрі осы болар", – деп бағалады Әсел.

Пікір білдірушілер арасында жарнамада елорданың ескі және жаңа орталығын екі түрлі әлемге (на стыке двух "миров") теңеуін қисынсыз көріп, сандырақ санағандар да болды.

"Избранные дейді. Алдымен оларды кім таңдап алғанын түсіндірсін. Біз сияқтылар біле жүрейік!", – деп тұнжырайды Асқар.

"Бұл тақырыпты оқығаннан кейін өзімнің геттодан екенімді сезіндім", – дейді Әсем.

"Бұлай жазу үшін өз халқын қаншалықты жек көру керек, а? Қарапайым бұқараны қорлап, бірнеше рет қайталай жазыпты. Осыдан кейін өздеріңіз кімсіздер?" – деп ренжиді Жанна.

"Батыста "тек қана таңдаулыларға, тек ақтарға ғана" деп жазып қойсаңыз, есіңізді жинап үлгергенше, нысанды күресінге жібереді", – дейді Данияр.

"Бүгінгі күннің шындығы осы. Қазақстанда орта тап жоқ. Болашақта Үндістандағыдай кастаға бөлініп өмір сүретін боламыз", – деп жабырқайды Дархан.

Кейбір пікір білдірушілер астанада "премиум-класс" дегені сөз жүзінде ғана солай екенін еске салады. "Ерекше ештеңесі де жоқ. Тек бағалары ғана бұлттан әрі асады", – дейді Альфия.

"Осы барлық премиум-кластарда су, кәріз-канализация және электр қуатына қатысты үнемі проблема туындап тұрады. Қызмет көрсетуші  компания немесе ПИК қызметі тіпті комфорт сыныпқа да тартпайды. Осылай тұрып жатырмыз", – деп күрсінеді Данияр.

Әділін айта кету керек, халық сынына құлақ асып, құрылыс холдингі аталған тұрғын үй кешеніне арналған жарнамасын дереу түзетті:

"Комплекс апартаментов премиум-класса "(ТК атауы)" – это эксклюзивный проект, где каждый его метр продуман до мелочей. Уникальное расположение – в сердце Нур-Султана, на стыке двух "миров" – между правым и левым берегами реки Есиль, позволит с лёгкостью наслаждаться всеми столичными благами", – деп енді қарапайымдау жазылған.

Дегенмен, интернетте жарнамасының бұрынғы менменшіл нұсқасының көшірмесі сақталып қалды...

Айтпақшы, бұл тұрғын үй кешеніне арналған сайттың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ. "Таңдаулыларға" ол қажет емес болса керек. Сол себепті жарнамасын түпнұсқа қалпында, орысша беріп отырмыз

Біз бұл тақырыпты неге тілге тиек етуге ұйғардық? Моралы қандай? Жарнамашы-пиаршыларға, маркетологтерге әлдебір өнімді дәріптегенде абай болғаны жөн секілді. Өйткені онсыз да пандемиядан, күйзелістен, девальвациядан, тұрмыстың төмендеуінен ұнжырғасы түсіп, салы суға кеткен халықтың наразылығын кез келген нәрсе тұтандыруы ықтимал.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу