Павлодар облысындағы "Қызылжар-Құс" фабрикасы 8 жылдан бері салқындатылған және мұздатылған тауық еті өнімдерін шығарып келді. Енді жаңғырту жұмыстарын қолға алып, жаңа құрал-жабдықтар орнатпақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Кәсіпорынның директоры Рустам Нұртазиновтің сөзінше, қораларда құс тұрған уақытта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтады.
Соның салдарынан құс өнімдерін дайындаумен айналысатын 150 адам жұмыссыз қалып отыр. Кәсіпорын басшылығы жаңғырту кезінде іске тартылатын 40-тан астам адамды ғана алып қалды. Ал қалған қызметкерлермен келісімшарт бұзылды.
"Қазіргі құралдардың барлығы ескірді. Бұл өнімділіктің төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан құс өсіретін орындардың өзін қайта құрып, жем-азық сақтау, қасапхана цехтарын жаңғырту керек. Инкубаторларға керек бөлшектерді де сатып алу қажет. Ал фабрика қайта іске қосылған соң жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазір жұмыссыз қалған тұрғындарды сол уақытта қайта шақыруымыз мүмкін", – дейді фабрика басшысы.
Бірақ жоспарлы істің нақты қай уақытта аяқталарын, сол тұста нақты қанша адам қайта жұмысқа тартылатынын дөп басып айта алмады. Қысқартуға ұшыраған 128 тұрғын фабрика орналасқан Қызылжар ауылында тұрады. Тағы 32 жұмысшы көршілес елді мекендерден келетін-ді. Енді олардың барлығы тұрақты қызметінен айырылды.
Сондықтан ауылда бос жәрмеңкелер орны ұйымдастырылып, өзге кәсіпорындар түрлі жұмыс орнын ұсынды. Оған Павлодар мен Ақсу қалаларының аумағында орналасқан 15 компанияның өкілі қатысты. Фабрикадағы жұмысынан айырылғандардың дені "Молком" сүт зауытында еңбек етуге ниет білдірді. Себебі мұндағы сұрыптаушы, қаптаушы сынды шаруалар құс фабрикасы қызметкерлеріне жақсы таныс. Кәсіпорынның менеджері Илона Козачкованың айтуынша, қызметке орналасқан тұрғындар қайта оқытудан өтеді. Сол сияқты шұжық өнімдерін шығаратын "Рубиком" өңдеу орнында еңбек етуге ынталылар бар.
Бұл ретте тұрғындардың басты талабы – облыс орталығынан 30 шақырым қашықтықта тұратын оларды жұмысқа тасымалдайтын арнайы көліктің қарастырылуы немесе жол шығындарының орнына өтемақының брілуі. Десе де, жұмыссыз қалғандардың басым бөлігі фабрикаға қайта оралар күнді тағатсыздана күтетінін де бүгіп қалмады.
Ажар Дәулетова