Ірі және орта бизнеске маман жетіспей жатыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2474

Әсіресе елордада сұраныс екі есеге өскен.

Ірі және орта бизнеске маман жетіспей жатыр

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері ірі және орта кәсіпорындардағы қызметкерлер саны 2018 жыл басымен салыстырғанда 1,5 пайызға ұлғайып 2,4 миллионға жетті.

Ірі және орта бизнесте халықты жұмыспен ең көп қамтып отырған салалар қатарында өнеркәсіп (635 мың), білім (455 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет (377 мың), тасымал және қоймалау (223 мың), құрылыс (160 мың), көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ көлік пен мотоциклдер жөндеу салалары (158 мың) бар.

Өсім қарқыны ең жоғары сала қонақүй мен тамақтануда 17,3 пайызға көбейсе, көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ көлік пен мотоциклдер жөндеу салаларындағы қызметкерлер саны 11,3 пайызға ұлғайған.

Есесіне жылжымайтын мүлікпен операциялар саласындағы қызметкерлер саны былтырдан бері 28,7 пайызға төмендеп отыр.

Ірі және орта кәсіпорындарға қазіргі таңда 28 мың маман жетіспейді екен. Бос жұмыс орындар саны былтырғыдан 7 пайызға ұлғайып отыр. Яғни, бос жұмыс орындары санының өсімі ондағы жұмыспен қамтылған халық санының өсімінен жоғары. Демек, ірі және орта бизнесте маман тапшылығы артып барады деген сөз.

Бос жұмыс орындары саны бойынша көш басында әдеттегідей өнеркәсіп саласы. Бұл салаға қазіргі таңда 8,6 мың адам жетіспейді. Осы орайда, өнеркәсіптегі бос жұмыс орны былтырғыдан 19,2 пайызға көбейіп кеткенін де айта кету керек.

Өз кезегінде әкімшілік және қосымша қызмет саласындағы бос жұмыс орындарының саны былтырғыдан 27,1 пайызға азайып 1,7 мыңды құрап отыр. Сонымен қатар білім саласы да жұмыспен қамтуды қолға алып, бос жұмыс орындарын былтырғыдан 15,6 пайызға азайтып 1,4 мыңға төмендете алған.

Ірі және орта бизнесте бос жұмыс орындары қатты көбейіп кеткен бағыт – автокөлік жөндеу саласы. Былтырғыға қарағанда биыл автокөлік жөндеушілерге деген сұраныс 49,1 пайызға ұлғайып 2,1 мыңды құрап отыр. Бір қызығы қызметкерлер санының ең көп төмендегені де осы автокөлік жөндеу саласы екен.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ірі және орта бизнесте мамандарға ең жоғары сұраныс "кәсіби мамандар" тобына тиесілі екен. Республика бойынша қазір 6,9 мың кәсіби маманға сұраныс бар. Бұл жалпы бос жұмыс орындарының 24,4 пайызы. Бұдан бөлек тағы 6,1 мың бос орын "өнеркәсіп, құрылыс, көлік жәнео сыған ұқсас сала жұмысшылары" лайықты мамандарды "күтіп тұр".

Өңірлер бойынша ірі және орта бизнестегі бос жұмыс орындары ең жоғары аймақ Нұр-Сұлтанда екен. Астанадағы бос жұмыс орындары былтырғыдан 2 есе артып 3,4 мыңды құраса, Алматыға 2,9 мың жаңа қызметкер керек. Көрсеткіш былтырғыдан 27,6 пайызға азайған. Ал Атырау облысында 1,6 мың адам жетіспейді. Мұнда да көрсеткіш 40,7 пайызға төмендеген.

Ал сұраныс ең аз өңірлер Шығыс Қазақстан облысы (90), Павлодар облысы (93) және Батыс Қазақстан облысы (114) көрінеді. Жұмыссыздық ең жоғары деген оңтүстікте сұраныс та төмен болып тұр. Түркістан облысындағы ірі және орта бизнестегі бос жұмыс орны 124-ті құраса, Шымкеттің көрсеткіші – 290.  

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу