"Ирина Қайратовна" тобы әр қазақтың бетінен отын шығарып ұялтатын іске барды

908

"Тәтті" қызбен фотоға түсіп, елді тәнті етем деген қазақстандық танымал топ нағыз "хейт" дауылына тап болды.  

 "Ирина Қайратовна" тобы әр қазақтың бетінен отын шығарып ұялтатын іске барды Фото: instagram.com/THEEVAELFIE

Қазақстандық "Ирина Қайратовна" тобы "анайы" салада әлемге әйгілі болған Ева Эльфи есімді сылқыммен фотоға түсіп, мәз болған суретін әлеужеліде жариялаймын деп, басы бәлеге қалды. Бұл жайтқа NewTimes.kz ақпарат агенттігі назар аударды.

"Намаз оқитын жігіттер емес пе еді?", "Мына әйелді қалай тауып алған?" деп айранасыр болды оны көрген жұрт. Бір топ жігіттің бұлайша дау-жанжалдың эпицентрінде қалуының себебі бар.  

"Ева Эльфи (ағылшынша Eva Elfie, шын аты – Юлия Сергеевна Романова) – ресейлік порноактриса, эротикалық фотомодель және ютубер. Ол 1997 жылы Ресейдің Омбы қаласында туған. Порноиндустрия саласындағы халықаралық екінші марапат саналатын AVN Awards премиясының лауреаты", – делінген "Уикипедияда".

"Оу, қазақтың патриот жігіттері едіңдер, несіне қызықтыңдар?!" деп күйінеді Threads әлеужелісінде пікір білдірушілер. Міне, мынасына қызықса керек. Юлия ханым осы саладағы видеолар жүктелетін ресурстардағы жас актрисалардың бірі болыпты. "Уикипедия" оның жүктеген әр видеосы ондаған миллион қаралым жинайтынын мәлім етті.

Amour Angels, Babes, Brazzers, MetArt, Nubiles, Reality Kings, TeamSkeet, WowGirls және басқа да студиялар мен сайттарға арналған түсірілімдерге қатысқан. Internet Adult Film Database дерегінше, қазіргі кезде осы бағыттағы 100-ден астам фильмге түсіп үлгеріпті.

Буыннан әлі, бетінен әрі кетпеген жастығын "жүз пайыз" пайдаланған Юлия XBIZ Europa Award салалық байқауында екі жыл бойы "Жыл әртісі" атанған. Мәскеуде өмір сүрген әктриса 2022 жылы Ресейді тәрк етіп, бүгінде Калифорнияда "шашып", үлде мен бүлдеге батып жүр.

"Мұнымен қай жерде, не үшін кездесіп жүрсіңдер, жігіттер?" деп білгісі келеді пікір білдірген қазақстандықтар. "Ирина Қайратовна" ұжымының қатысушылары ресейлік порноактрисамен қайда жүздескені мәлім болды. Америкада емес, Астанада жолығыпты.

Олардың Ева Эльфимен бірлескен фотосының PGL Major Astana 2025 киберспорт бойынша халықаралық жарысында түсірілгені анықталды. Турнирді ұйымдастырушылар аттай қалап, сұрағанын беріп, Эльфиді "құрметті қонақ" ретінде алдыртқан.

"Құланның қасуына мылтықтың басуы" дегендей, қылымсыған бикеш киберспортшыларды айналасына үймелеткен жерден әлгі әншілер де табыла кетіпті. Қиыла жүріп, қасына алып, қоршай суретке түскен, көріскен сәттерін солай тарихта қалдырған. Оны аз көріп, елге көрсетіп, мақтанған.

Сурет әлеуметтік желіде лезде тарап, қызу пікірталас тудырды. Әсіресе, сын садақтары топтың бір қатысушысы – Алдиярға (Алдик) қарша борады.

"Күндіз – имам, түнде – Иван" деп жазған пайдаланушылар Алдиярдың қаптаған сұхбат пен подкасттарда дін, ұждан, ар-ұят, рухани құндылықтар тақырыптарын жиі тілге тиек ететінін есіне салды.

Кейбір табынушылары танымал топтың бұл тірлігінен түңілді және оларға қарап, жасөскіндер бой түзейтініне назар аудартты.

"ИК! Әбден түңілттіңдер! Сендердің әндеріңді балалар тыңдайды, миллиондаған жасөспірім пір тұтады. Отаншылдықтарың қайда? Суретке түсуге жарайтындай қазақтың осындай қызы табылмады ма?" – дейді әлеужеліні пайдаланушылардың бірі әзіл-шыны аралас.

Алайда әртістерді қорғаштап сөйлеушілер де табылды. Олардың пікірінше, әңгіме өз ортасында белгілі адаммен бірлескен суретке түсуде болып тұр. "Ар жағы не болғанын көрген, шам ұстаған ешкім жоқ, ендеше сынайтын да ештеңе жоқ" деген ойда.

"Алдик актрисамен бірге ұйықтаған жоқ қой, жай суретке түсті. Бұл екеуі де медиалық кейіпкерлер. Хайп қуады да", – деді комментаторлардың бірі.

Қалай болғанда, айтыс-талас бір фотосурет ауқымынан шығып кетті. Әлеужелілерді пайдаланушылар мұсылманшылық, иман, рухани құндылықтар, қазақы болмыс-менталитет, әйелдер еркіндігі, стандарттар тақырыптарының кең өрісіне дейін құлаш ұрды.

Кейбір пікір білдірушілері ұрпақтың ұсақталып кеткеніне назар аудартты. Байырғыдан бергі қазақ серілері бойын билей білген, жаман аты жұртқа жайылған қызға жуымаған, ар-ұятын, қадiр-қасиетiн қызғыштай қорып, жоғарғы құндылықтай сақтаған. Қазіргі "жұлдыз" жігіттер болса, құмарлықты тізгіндеу, ерік-жігерді баулу дегеннен құралақан екенін айтып жатыр.

Енді бір тобы Азияда инабат пен парасат ардақталатын, мысалы, Кореядағы "айдолдар" жұрт алдында ұстамды әрі сыпайы ұстайтынын еске салды.

Басқа сынаушылар тобының өкілдері Астанадағы сол халықаралық турнирге қатысушы қазақстандықтар да порноактрисамен суретке түсіп қалу үшін ұзынсонар кезекке тұрғанын хабарлады.

"18+ фильмдеріне түсетін ресейлік актрисамен фотоға түсіп, автографын алып қалу үшін жасы, кәрісі бар, ер-азамат атаулы кезекке тұрды. Біздің қоғам өкілдерін сөйлетсең, қысқа белдемше киген қыздарды күстәналайды. Ондай қыз зорлық құрбаны болса, "өзі кінәлі де?!" деп еріндерін шылп еткізеді. Ұятты алға тартып, әйел еркіндігін сынайды. Сонымен бірге дәл осы қоғамда ересектерге арналған киноның актрисасы "иконаға" айналды. Қолын алып, қасына тұру үшін дәстүрлі құндылықтарды да, ар-ұятты да тарс ұмытады", – деп жазды актер, режиссер және блогер Нұрлан Батыров.

Ол осы "жанрдағы" фильмдерді сүйсіне көретінін қосты. Бірақ "ұят" фильмдерді қызыға, құныға көретіндердің артынша әншілер тобын жай фотосы үшін сынайтынын түсіне алмайтынын жеткізді.

"Ия, Ева Элфи келіп еді, барлық еркек қасына тұрып, құшып, селфи жасап қалуға тұра жүгірді. Беттен отты шығарды. Instagram-дағы контент отбасыға деген құрметтен, намыстан, адамгершіліктен қымбат болып шықты. Біздің адамдар құндылықтар туралы тек сөз сөйлеуге шебер. Іс жүзінде оның ешқайсысы үйінде әйелі, бала-шағасы барын есіне де алмады. Мұндай суретімен ертең ол ұрпағына қандай тағылым қалдырады? Қоғам шынымен шірігені ме?!", – деп таусыла жазады тағы бір куәгер Айжан.

Ол халықаралық іс-шараға елге еңбегі сіңген, мемлекетті дамытуға шын үлес қосқан тұлға, ғалым шақырылғанда, қазіргі ер-азаматтың көбі онымен суретке түсіп қалуға ұмтылмақ түгіл, сәлем де бермейтінін тұспалдады.

"ТикТок "жұлдызы" Жанабылов та портноактрисамен суретке түсіп, оған түсініктемесінде: "Жақсы фильмдер – жақсы актриса" деп дәріптеді. Шының ба бұл? Табынушыларыңа өнегең бе бұл? Хайп қуып жүріп, намысты тапап кетуге бола ма?", – дейді Айжан.

Бұл жерде маңызды сұрақ туындайды: "жаңа Қазақстанның төрінде, елордада өткен PGL Astana 2025 халықаралық жарысына неге "құрметті қонақ" ретінде порноактриса шақырылған? Жастарға ұлағат, өнеге етуге, құрметті қонақ ретінде төрге шығаруға тұрарлық басқа тұлға табылмаған ба?" дейді халық.

Бұл тұрғыда Counter-Strike 2 (CS2) бойынша аталған турнирдің қолдаушыларының бірі ретінде айтылған Туризм және спорт министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомство жарыстың ұйымдастырушы болып табылмайтынын айтты.

"Бұл турнирді өткізуге және ұйымдастыруға PGL Esports тәуелсіз халықаралық киберспорт ұйымы жауап береді. Турнирді өткізумен байланысты, соның ішінде оған қандай қонақтарды, арнайы тұлғаларды шақыратынына қатысты барлық шешімдерді қабылдау тек қана ұйымдастырушылардың құзыретіне жатады", – деді Туризм және спорт министрлігі журналистерге.

Министрлік Қазақстан территориясында өткізілетін мұндай халықаралық спорттық іс-шараларға өзінің тек жалпы бақылау жүргізетінін, техникалық талаптардың сақталуын қадағалайтынын, қауіпсіздігін, заң аясынан шықпауын қамтамасыз ететінін хабарлады.

Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі ақпарат құралдарын жалған және арандатушы хабарларды таратудан аулақ болуға, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.

Бұл мәлімдеме басқа сұрақ туғызады: сонда кез келген "тәуелсіз", шетелдік ұйымдар Қазақстан аумағында ойына келген шарасын өткізіп, оған ойына келген тұлғаны шақыра бере ме?

Осының алдында "кибер" салаға жауапты тағы бір меморган – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі  министрлігінің өкілі де Астанадағы халықаралық іс-шараға порноактрисаның шақырылуына қатысты пікірін білдірген болатын.

Журналистер цифрлық даму вице-министрі Қаныш Төлеушиннен Қазақстандағы биылғы ірі спорттық турнирге Ева Эльфидің шақырылып, жанжал туғызғанына қатысты түсініктеме беруді сұрады.

Бірақ ол да жауапкершілікті өздерінен сырғыта салды. Бұл іс-шараны ұйымдастырумен Туризм және спорт министрлігі айналысқанын нұсқады.

"Шынымды айтайын, бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын. Тіпті түсініктеме беру де ауыр екен. Масқара, әдеп-этика тұрғысынан дұрыс емес, әрине! Меніңше, бұл сұрақты спорт министрлігіндегі әріптестерімізге қойғандарыңыз дұрыс", – деді ол.

Жалпы, қоғамды дүр сілкіндіру үшін де мұндай айтыс-талас қажет-ақ. Қазақ елін қандай тарихи тығырықтан да ең алдымен рухы, намысы, рухани ерік-жігері, ұлттық құндылықтарына табан тіреуі ғана алып шыққан. Танымал адамдардың мұндай тірліктерін ешкім сынамай, қалып ретінде қабылдаса, ол тіректер күйреді деген сөз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу