Ішкі істер министрі төтенше жағдай талаптарына тоқталды

Полицияға карантин талаптарына бағынбайтындарды анықтауға еріктілер де көмектесуде.

Ішкі істер министрі  төтенше жағдай талаптарына тоқталды

 

28 наурыздан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда қатаңдатылған карантин режимі енгізілді. Қос шаһарда жұмысқа бару, дәріхана мен азық-түлік алудан басқа себептермен далаға шығуға болмайды. Алайда шаһар тұрғындарының арасында талапқа бағынбағандар да кездесуде. Бұл ретте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үш күн бойы халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін, бұдан былай тәртіп бұзғандар жазаланатынын хабарлады. 

"Карантиннің қатаңдатылған ережелері бойынша үш күн бойы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Енді тәртіп бұзғандар жазаланады. Қазірдің өзінде профилактикалық шаралар нәтижесін көрсетуде. Мәселен, елімізде Төтенше жағдай режимі енгізілгелі қылмыс деңгейі 20%-ға төмендеді", – деді министр. 

Дегенмен министрдің айтуынша, карантиндегі қалалардың шекарасын кесіп өтпек болғандар да анықталған.

Аталған факт бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында 32 адам тұтқындалды. 

"28 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин ережелері қатаңдатылғанын білесіздер. Қазір полиция қала тұрғындары арасында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін барын салуда. Елімізде жалпы саны 147 блок-пост орнатылды. Соған қарамастан әлі күнге дейін заң бұзушылықтар анықталуда. Мысалы, Нұр-Сұлтан мен Алматыда қалаға заңсыз келмек болған 33 адамың үстінен іс қозғалды. Олардың қатарында ақылы түрде блок-посттардан адам алып өтпек болғандар да бар. Сол себепті 32 адам тұтқындалды", – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 

Сонымен қатар байланыста болған адамдар туралы ақпарат беруден бас тартқан, инфекция жұқтырған 4 адамның үстінен іс қозғалды, соталды тергеу амалдары жүргізілуде. 

"Санитарлық ережелерді бұзып, байланыста болған адамдар туралы ақпарат беруден бас тартқан 4 инфекция жұқтырған адамның үстінен іс қозғалды. Қазір соталды тергеу амалдары жүргізілуде", – деді министр. 

Құқық қорғау органдары тарапынан ескертулер айтылғанына қарамастан елімізде жалған жаңалық "жаршылары" да азаймай отыр. Министрдің сөзінше олар халықтың үрейін тудырып, мәселені ушықтыруда. 

"Олар нақты медициналық мекеменің атын, инфекция жұқтырғандардың санын, қаза тапқандар туралы жалған ақпарат таратады. Мәселен, 25 наурызда Көкшетау қаласының бір топ азаматы әлеуметтік желіде Ақмола облысындағы ауруханада инфекция жұқтырып келген Солтүстік Корея азаматтары жатқызылғаны туралы жалған ақпарат жариялаған. Бұдан бөлек бір күннің ішінде Атырау облысында желіде жалған жаңалық таратқан 3 жағдай тіркелді. Мүлде болмаған, шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату арқылы бұл адамдар халықты үрейлендіреді. Қазіргі кезде осындай 45 факт белгілі. Оның барлығының авторлары анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде", – деді министр. 

Бұдан бөлек Ерлан Тұрғымбаев карантин талаптарын бұзған 1 800 бизнес субъектісі анықталғанын хабарлады. Қазіргі кезде олардың 400-інің үстінен әкімшілік іс қозғалып, 500-іне айыппұл салынды. Ал өзге істер сот қарауына жіберілген. 

Сондай-ақ, Ерлан Тұрғымбаев Төтенше жағдай кезінде жоғары бағамен медициналық бетперде, арнайы тазартқыш құралдар сатып, пайда табуды көздейтіндерді сынға алды. 

 "Осы қиын кезеңде пайда тауып қалуды көздейтіндер де бар. Мысалы, полиция заңсыз антисептиктер мен бетперде сатқан 27 адамның жолын кесті. Заңсыз айналымнан 2 млн-нан астам медициналық бетперде, 4 мың қорғаныш киімі, 4 тонна тазартқыш құрал тәркіленді. Оларды халыққа жоғары бағамен сатқан", – деді министр.  

Полицияға карантин талаптарына бағынбайтындарды анықтауға еріктілер де көмектесуде. Қазіргі кезде арнайы киіммен жабдықталған 2 мыңнан астам волонтер бар. Олар 240 құқық бұзушылықты анықтауға көмектескен. Сонымен қатар коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатуға темір тордың артында жазасын өтеушілер де үлес қосуда. 

"Жазасын өтеп отырған азаматтар күніне 50 мың дана бетперде тігуде. Сонымен қатар кешегі күннен бастап полиция қызметкерлеріне арналған қорғаныш киімінің өндірісін жолға қойды.  Бұл азаматтар алдыңғы шептегі мамандарды қорғаныш құралдарымен қамтып, коронавирустық инфекцияның таралуы тоқтатуға үлес қосуда. Себебі әскерилер мен полицейлер инфекция жұқтырған азаматтарды іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Олармен тікелей байланысқа түседі. Қазіргі кезде осындай 47 адамға іздеу жарияланған", –  деді Ерлан Тұрғымбаев. 

Қорыта келе Ішкі істер министрі халықты жүргізіліп жатқан шараларға түсіністік танытып, қоғам қауіпсіздігі үшін үйден шықпауға шақырды. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу