Ішкі істер министрлігі көлік иелеріне "сыйлық" жасады

20267

Полицейлерге енді жүргізушілерді жазаламау жүктелген. 

Ішкі істер министрлігі көлік иелеріне "сыйлық" жасады

Шақырайған күн астында тымырсық ауа жайлаған автомобиль ішінде отыру бір азап. Көшедегі көліктердің барлығында бірдей ауа баптағыш жоқ, бар болғанның өзінде ақауы болып, істен шығуы мүмкін.

Ал "Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар мен жағдайлар тізбесіне" сәйкес, машинаның алдыңғы терезелерін қараңғылауға тыйым салынған. Тек алдыңғы әйнектің жоғары бөлігіне – ені 14 сантиметрден аспайтын шағын жолақ түрінде мөлдір пленка жапсыруға рұқсат етіледі. Бірақ ол жолақ алдан шақырайған күннің сәулесінен құтқара қоймайды, автокөлік іші аптапқа айналады.

Бүгінде әлемде тонировкалаусыз-ақ көлік салонын жайлы етудің жолдары ойлап табылған. Мысалы, қолданыста болғандарына ғана емес, зауыттан жаңа шыққан машиналарға да жүргізушілер "броня" деп аталатын антигравийлік пленка жапсырады. Оны "темір тұлпар" иесі мамандардың көмегімен, не өз бетінше жапсыра алады.

"Полиуретандық пластиктен не винилден жасалған, түссіз, мөлдір осы жабынғымен әйнектерді, фарларды, тіпті бүкіл көлікті жабуға болады. Рас, онда қымбатқа түседі, яғни жүз елу мың теңге және одан жоғары болуы мүмкін. Бұл инновациялық материалды АҚШ әскерилері тікұшақты көтерілген құмды дауылдан қорғау үшін әзірлеген. Кейін оны NASCAR командалары ұшқыр көліктеріне қолдана бастады. "Бронь" автоны қарсы беттен жүйткіген машиналардың доңғалағынан ұшатын тастардан қорғайды. Сыртқы бояуын бастапқы күйде сақтайды. Салонға күн сәулесін жібермейді", – дейді техникаға қызмет көрсету стансасының жұмысшысы Руслан Ерманов.

Жыл он екі ай күн шуағына бөленіп тұратын Калифорнияда мысалы, онымен жабылмаған көліктердің көшеге шығуына шектеу қойылған. Осылайша, америкалықтар экологияны қорғайды: көлік іші ысып кете берсе, жүргізушілер ауабаптағышты ұдайы қосады, демек, отын көп жағылып, ауаға шығарынды артады.

Жалпы, машина әйнектеріне жапсырылған атермальды мөлдір пленка тіпті түнде де жүргізушінің айналаны көруін шектемейді, түстерді бұрмаламайды, бұл әсіресе, бағдаршамды бақылау үшін маңызды. Ал күндіз күннің көзді қарықтыруынан сақтайды. 

Дегенмен, заңгер Алексей Старков жолды күзеткен полицейлер оның мөлдірлігіне қарамай, жазалауы мүмкін екенін еске салады.

"Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар мен жағдайлар тізбесінде "Механикалық көлік құралы кабинасының алдыңғы және алдыңғы бүйіріндегі әйнектеріне жабын жағуға не түрлі-түсті мөлдір пленкалар жапсыруға" болмайды делінген. Полицейлер осы талаптағы жабын жабуға болмайды деген сөзді басшылыққа алып, тіпті мөлдір екеніне қарамастан, кез келген жапсырмаға тыйым салады. "Мөлдір пленка" деген сөз де бар. Ендеше жол сақшысымен даулассаңыз, ол осыны да алға тартады", – дейді А.Старков.

Жүргізуші Сергей Серых біраз қаржы жұмсап, көлігіне "бронь" жапсыртқызыпты.

"Алдыңғы және бүйіріндегі әйнек түссіз пленкамен қапталды. Бірақ кезекті рет жол полициясы тоқтатқанда, түсірілген терезенің шетінен жабын жапсырылғанын байқап қалды. Оны осыдан кейін басқа ештеңе де қызықтырған жоқ, дереу айыппұл хаттамасын толтыра бастады. Айыппұл төлеуге, пленканы сыпырып тастауға тура келді", – дейді ол.

Ал автожүргізушілер белсендісі Сергей Журавлев осы түссіз жабынғыға қатысты ішкі істер министрлігі басшысына хат жазыпты.

"Машинаның алдыңғы және бүйіріндегі әйнектеріне "түрлі-түсті мөлдір пленкалар" жапсыруға тыйым салынған. Осыған байланысты сұрақ туады: түрлі-түсті емес мөлдір пленка жапсырылса, неге жазалайды? "Броня" бүгінде бізден басқа барлық елдерде рұқсат етілген ғой. Олар қазақстандық "ГОСТ"-қа сәйкес келеді және жүргізушінің айналаны көру қабілетін шектемейді", – дейді С.Журавлев.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көтеріліп отырған мәселемен таныс көрінеді.

"Біз Ішкі істер министрлігінде жүргізушілерден түсіп жатқан осындай өтініштерді мұқият қарадық. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көлік құралдарының әйнектерін түссіз мөлдір пленкамен жабуға, соны жапсыруға енді тыйым салынбайды", – деп қысқа да нұсқа жауап берді министр Е.Тұрғымбаев. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу